Елімізде 300 мыңнан астам газ баллоны жарамсыз. Бұл - кез келгені кез келген уақытта жарылуы мүмкін деген сөз. Жарылып жатыр да. Жылу маусымы басталғалы 8 қайғылы жағдай болған. Төтенше жағдайлар министрлігі 50 жыл бұрын жасалған баллондар әлі де қолданыста екенін айтып, дабыл қағып отыр. Ведомство басшысының есебін тыңдаған Премьер-министр Олжас Бектенов газ баллондарының сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жұмысы салғырт деп әкімдіктерді сынға алды. Тұрмыста пропанға тәуелді жұрт не дейді? Үкімет бұл мәселені қалай шешпек? Әріптесім Еркелді Тілеуқұл баяндайды.
Еліміздің оңтүстік өңірлерінен бөлек өзге аймақтардың барлығы дерлік күнделікті тұрмыста газ баллондарын қолдануға мәжбүр. Алысқа бармай-ақ қояйық, елорда іргесінде де, ондай үй көп. Тұрғындар қауіпті екенін біледі, бірақ басқа амал жоқ дейді. Ал, енді біреулері көп жылдан бері пайдаланғандықтан, үйреніп қалғанын айтады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Табиғи газ келсе, әрине, жақсы болар еді. Қауіп бар. Балалар бар үйде.
- Амал жоқ қой енді. Көліктер әкеліп, тасымалдайтын кейбір газ баллондарының аузынан газ шығып кетіп жатады. Осы жерде өткенде көлік жарылды ғой.
- Неше жыл болды осы жақта тұрып жатқанымызға. Газ жағамыз. Ешқандай проблема жоқ.
Жеке тұрғын үйлердегі газ баллондарының жарылу жағдайларының жиілеп кеткеніне Үкімет алаңдаулы. Қатаң шараларды қолға алу керек.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жарамсыз баллондарды қолданыстан шығару мен утилизациялау мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ. Суық түскелі бері үйлерде газ баллондарының жарылу 8 жағдайы тіркелді. Негізгі себеп – оларды пайдалану және сақтау талаптарын бұзу. Оның ішінде 50 жыл болған баллондар да бар.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов , проблеманы шешудің жолын ұсынды. Ведомство басшысы берік әрі қауіпсіз материалды пайдалану керек дейді.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
Бұрынғы ғасырдағы 70-80 жылдары өндірілген газ баллондарының қауіпті екеніне көзіміз жетті. Қазір елімізде композиттік материалдардан жасалған газ баллондарын өндіруді ұсынамыз.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов әр өңірде жұмыс тобын құрып, газ баллондарының қауіпсіздігін тексеру мақсатында жүргізілетін шараларды қайта жүргізу керектігін ескертті.