Русский Сайттың толық нұсқасы

«Келешек» бағдарламасы келер жылы іске қосылады

Енді балаңыздың тілашар тойына мемлекет те сыйлық береді. Аз-маз емес, бірден 200 мың теңге қыстырмақ. Бірақ оны өз қажетіңізге жұмсай алмайсыз. Айтпағымыз – «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі жайында. Осы бағдарлама арқылы бала 5 жасқа толғаннан кейін ата-ана мемлекетпен бірлесіп, перзентінің болашағына ақша жинай алады. Жүйе келер жылы іске қосылады. Оның шарты қандай? Толығырақ әріптесім Аружан Задабек құлаққағыс етсін. 

Балаңыз әлі 5 жасқа толмаса олжаның астында қалдым дей беріңіз. «Ұлттық қор - балаларға» деп марқайып жүр едік, сіздің ұрпағыңыз үшін тағы бір бағдарлама іске аспақ.

Енді әр ата-ана 5 жасқа толған баласына арнайы шот аша алады. Оған мемлекеттен 60 АЕК мөлшерінде бастапқы капитал беріледі. Әрі қарай ерлі-зайыптылар ай сайын ерікті жарна алып отыруы тиіс. Оған мемлекет жыл сайын сыйақы құяды. Оның мөлшері, шамамен, 5-7%. Банк те қарап отырмас. Өз тараппынан 12-14% ақша береді.

ҚҰДАЙБЕРГЕН БЕКСҰЛТАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ол балалардың білім алуына капитал қалыптастыруына ата-аналарға қаржылық қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге арналған. Бұл біздің еліміздегі білім беру тәсілін шынымен өзгертетін және болашақ ұрпақ үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынатын бастама.

Енді есептейік. Егер шотқа 5 жастан 18 жасқа дейін жыл сайын кемінде 12 АЭК мөлшерінде қаржы жиналса, 13 жылда сыйақыларды қоса алғанда 3 миллион 600 мың теңгеден аса ақша жиналады. Оны бала жоғары оқу орнына түсу үшін пайдаланады. Егер мемлекеттік грантты жеңіп алса, жинақталған қаражатты магистратураға немесе баспаналы болу үшін жұмсауына рұқсат. Ондай қажеттілік те болмаса, шоттағы қаражатты отбасының басқа бір мүшесі, яғни бауыры ала алады.

ТАЛҒАТ ЕШЕНҚҰЛОВ, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Келешек бағдарламасын ашу ата-ананың өз еркінде. Ата-ана оны өз еркімен ашып, өз еркімен жаба алады. Бірақ егер шотты жабатын жағдайда, қаражатты қайтарып аламын деген жағдайда мемлекеттің сыйақыларының бәрі мемлекетке қайтарылатын болады.

Салымды бастау үшін ата-ана банкке жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі және кемінде 3 АЕК мөлшерінде бастапқы жарна ұсынса жеткілікті. Бірақ депутататтар бағдарламада әлі де шикілік барын айтады. Жиналған 3 миллион білім алушының бір жылдық оқуына да жетпеуі мүмкін дейді.

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бізде қазірдің өзінде ұлттық университеттерде бір жылдық оқу ақысы 1 миллионнан асып кетті, қазірдің өзінде. Жыл сайын 15-20% өсіп жатыр. 18 жыда 2-3 есе өсуі мүмкін.

Министрлік депутатқа бағдарлама білім беруді көздейтін негізгі жоба емес деп жауап берді. Бұл тек қана қосымша көмек екенін еске салды. Айта кетейік, «Келешек» бағдарламасына бес жастан асқан балалар қатыса алмайды.