Павлодар облысындағы Атамекен – Русская Поляна автожолында екі көлік соқтығысып, жаңа туған нәресте мерт болды. Бұл туралы Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ПД мәліметінше, Ақсу өңірінің Ребров ауылының маңындағы Атамекен – Русская Поляна автожолында Лада Гранта және БМВ маркалы автокөліктері соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан Лада автокөлігінде болған сәби көз жұмды. Бала жақында ғана дүниеге келген, қырқынан да шығып үлгермеген. Екі көліктің де жүргізушілері зардап шеккен, олар ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда», - делінген ПД хабарламасында.