Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада Еуразиялық әлеуметтік кәсіпкерлер құрылтайы өтті

Астанада Еуразиялық әлеуметтік кәсіпкерлер құрылтайы өтті. Екі күнге жалғасқан шараға мыңға жуық ел экономикасын дамытуға мүдделі белсенді қатысты. Сондай-ақ Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елінен келген халықаралық спикерлер тәжірибелерімен бөлісті. Шараның екінші күнінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды. Президент өз құттықтауында елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікке ерекше мән беріліп, жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын, соның арқасында бизнестің осы түрі қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен. 

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл саланың өкілдері түрлі мәселенің түйінін тарқататын инновациялық тәсілдер ұсынып жүр. Бүгінгі басқосуда да салмақты ойлар мен, салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін. Форум – Еуразия халықтары арасындағы серіктестікті нығайтуға серпін беріп, өзара ықпалдастықты арттыра түсетіні сөзсіз. Жұмыстарыңыз жемісті болсын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының төрағасы Эмин Аскеров кәсіпкерліктің бұл бағытындағы жандарға бір-бірімен бәсекеге түсуінің қажеті жоқ екенін айтты. Кәсіпкерлер тек игі іс атқару арқылы көзге түсуі керек деп есептейді. 

ЭМИН АСКЕРОВ, ӘЛЕУМЕТТІК ИННОВАТОРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мен алдағы уақытта өзімді халықаралық жобаларға арнағым келеді. Қала әкімдігінің қолдауымен SOCIAL INNOVATION HUB ашқалы жатырмыз. Бұл әлеуметтік кәсіпкерлердің басты сұраныстарына бағытталатын болады. Біз бұл арқылы тек Қазақстанда емес, сондай-ақ Орта Азиядағы барлық мемлекеттегі әлеуметтік жобаларды дамытатын боламыз.