Бүгін – Ұлттық валюта күні. Осыдан 31 жыл бұрын төл теңгеміз айналымға енді. Содан бері ол тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде экономикамызға қызмет етіп келеді. Үш мәрте әлемнің ең үздік банкноты ретінде таңдалған теңге номиналдары мен қазақ валютасының шығу тарихы жөнінде Мөлдір Жақан баяндайды.
1993 жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Төл валютамыздың алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз еліміздің барлық өңірлеріндегі банктерге жеткізілген еді. Айналымнан жалпы сомасы 950 миллиард рубль алынып тасталды. Осы бір тарихи сәттің куәсі болған Ұлттық банк қызметкері Наталья Симбаева өткенге ой жүгіртті.
НАТАЛЬЯ СИМБАЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨЛЕМ БАЛАНСЫ СТАТИСТИКА БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Валютаның ауысуы 15-ші қараша күні таңғы сағат 8-де басталды. Ол кезде жасым небәрі 22-де болған, оқуды енді аяқтап, кассалық орталыққа жұмысқа орналасқанмын. Сол күні өте суық болды. Біз автобусқа мініп, маңызды құжаттарды тасумен болдық. Әрине, алғашқыда тұрғындардың тарапынан көптеген сұрақ туындады. Халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бұл кезең әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Ұлттық банктің орталық филиалындағы мұражайдамыз. Мұнда 2001 жылдан бастап шыққан барлық монеталар орналасқан. "Ғарыш", "Спорт", "Ұлы қолбасшылар" сериясының монеталарын көре аламыз. Алтын, күмістен құйылған инвестициялық монеталар да бар. Сондай-ақ ұлы Абай, Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Әл-Фараби сияқты тұлғалар бейнеленген алғашқы банкноттар тұр. Ал менің қолымда соңғы "Сақ" стиліндегі серияның 5 мың және 10 мың теңгелік банкноттары.
«Қазақ елі», «Күлтегін» және Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ескерткіш банкноттар әлем бойынша үздік болып танылды.
НҰРГҮЛ ЗӘКӘРИЯНОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАМЕН ЖҰМЫС ЖӘНЕ КАССАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ;
Жаңа банкнот шыққан сайын оның қорғаныш элементтері өте күшейтілген, жалған ақша жасамау үшін жақсартылған болып шығады. Интерполдың айтуынша, әр 7-9 жыл сайын банкноталар ауысып отыруы керек. Бұл банкноталарды кейін екінші деңгейдегі банктер қабылдамаған кезде Ұлттық банк бұл банкноталарды шексіз қабылдай береді. 1/1 ауқымында, ешқандай комиссиясыз айырбастауға болады.
Сарапшылардың теңгенің алдағы тағдырына көзқарасы оң.
БЕКНҰР КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ:
Біздің валютаны тұрақты деп айтуға болады. Экономикамыздың құрылымын түсіну керек. Қазір ауқымды девальвацияны көріп отырғанымыз жоқ. Алдағы уақытта болады деп айта алмаймын.
Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті. Қазір банкноттар - Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монеталар - Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.