Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде бала саудалады деп айыпталғандарға қатысты сот процесі аяқталды

  • AstanaTV
  • 10 мамыр 2017
  • 2907

Ақтөбеде баласын саудаға салды деп айыпталған әйелге қатысты сот процесі аяқталды. Сәбиін 60 мың теңгеге сатқан Жанна Ақаласова 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Оның сыбайластары да өздеріне тиесілі жазаларын алды. Атышулы сот процесіне әріптесім Жақсыбек Кемал да қатысып келді. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Саудаға салынған нәрестенің анасы қаңтар айында қамауға алынған. 32 жастағы Жанна Ақаласова баланы өзінің құрбысы арқылы басқа біреуге сатуды ойластырған. Айыпталушы  әйел шарананы бала сүйе алмай жүрген өзінің ұлы мен келіні үшін сатып алмақ болған.  Сот сәби саудасына қатысты деп айыпталған үш әйелді де кінәлі деп тапты.

Нұрлыбек Ормаханов, Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Жанна Батырғалиевна Ақаласова ҚР ҚК 135-інші бабы 2 бөлімінің 1-інші тармағында көзделген қылмыс жасауда кінәлі деп танылып, жеке дүние-мүлкі тәркілеп, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 46-ыншы бабы 5-інші бөлігінің 2-інші тармағының талабына сай, Ақаласованың жазасын өтейтін жері қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп тағайындалсын!

Нәрестені сатып алмақ болған Дина Досақова 7 жылға шартты түрде сотталды. Үкім оқылғанда, ол есінен танып қалып, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Ал бала саудасына делдалдық жасаған Ақаласованың құрбысы да 7 жыл бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленетін болды. Бірақ, оның кәмелет жасына толмаған екі баласы болғандықтан, жазасын 5 жылдан кейін өтей бастайды. Ол сот үкімімен келіспейтінін айтты.

Данагүл Өтешова, айыпталушы:

Жо-жоқ, кінәлімін деп санамаймын өзімді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Айта кетейік, негізгі айыпталушы Ақаласова бұған дейін 8 жастағы ұлын балалар үйіне берген. Ал, туылмай жатып, тағдыры талқыға түскен екінші баласы енді  сәбилер үйінің қамқорлығында  болады.

Жақсыбек КЕМАЛ