Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған аламан бәйге өтті

  • AstanaTV
  • 10 мамыр 2017
  • 4699

Жеңістің 72 жылдығына орай Атырауда қарт майдангерге баспана берілді. Өзгелері 150 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алған. Мереке иелеріне арнап Махамбет ауданында аламан бәйге өтті.

Жеңіс күніне орай тұлпарлар даланы дүбірге бөледі. 24 шақырымдық аламан бәйге, көкпар, арқан тартыс пен қазақша күресте күш сынасуға аймақ тұрғындары ғана емес, көршілес Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының спортшылары ағылды. Делебені қоздырар ұлттық спортты тамашалауға алыс жақыннан үш мыңнан астам адам келген.

Райхан Сейдуәлиева, Атырау облысының тұрғыны:

Бақытты өмір деген осы емес пе! Бала-шағамызбен ертемен келіп, көріп жатырмыз. Ат шабыс, арқан тартыс, тағы сол сияқты, күрес болып жатыр

Уәп Кәбдікәрімов,  Атырау облысының тұрғыны:

Бүгін, міне,  Жеңістің арқасында, сол күннің құндылығының арқасында ел болып, халық болып жиналып,  үлкен шара өткізіп,  бізді қуанышқа бөлеп жатыр. 

Мерекеге арналған спорттық шаралар демеушілердің қаржысына өткізіліп жатыр. Қомақты жүлде де - жомарт жандардың сыйлығы, деді аудан атқамінерлері.

Әлимұхамед Құттымұратұлы, Махамбет ауданының әкімі:

Шараның барысы алдымызда өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға қазақтың ұлттық ойындарын көрсін деп, сол  бағытта ұйымдастырып отырмыз. 

Көкпарға қатысқан алты топ 30 келілік серкені ат үстінде көтеріп, өнер көрсетті. Үздік команда 400 мың теңгені қанжығаға байлады. Ал аламанға тігілген автокөлікті 14 жастағы маңғыстаулық жас шабандоз Бақдаулет Меңдібаев тізгіндеді.

Бақдәулет Меңдібаев:

11 жасымнан бері атқа шауып келе жатырмын. 5 машина ұттым. Осы алтыншы машинам болды.  Өте қуаныштымын.

Өнерпаздардың концерті мерекенің көрігін қыздырды. Жиналғандар этноауылды тамашалап, алтыбақанда тербеліп, ұлттық дәмнен ауыз тиді. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ