Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚМДБ қалыңмал мен мәһрді біріктірді

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2024
  • 210

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қалыңмал мен мәһірді біріктірді. Бұл туралы басқарманың ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалыңмал - қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салтындағы қалыңдық үшін берілетін мал. Фиқһ кітаптарында ұзатылып жатқан қызға жиһаз әперу үшін күйеу жігіт тарапынан берілетін мал-мүлікті "дустиман" деп атайды.

"Қазақ дәстүріндегі қалыңмалды ислам шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар: Кейбір хорезмдық және одан да басқа ғалымдар қыздың артынан келетін қалыңмалды тездетіп берілетін мәһр деп санаған. Имам әл-Касани: "Неке қию барысында қыз разылығын ашық айтуға ұялғанындай, мәһрін сұрауға да қысылады. Қыздың үндемеуі - оның разылығын білдіргеніндей, мәһрін әкесі алып жатқанда да үндемеуі разы екендігін білдіреді. Әдетте әкесі мәһрді алғаннан кейін үстіне қаражат қосып, қыздың артынан жиһазын алып барады", - деген. Кейбір ғалымдар қалыңмалды ұзатылып жатқан қызға белгілі бір нәрсенің (жиһаз, т.б.) есесіне берілетін сыйлық деген", - дейді Ағабек Қонарбайұлы.

Ибн Абидин: "Неке қиярда "дустиманды" мәһр деп айтса, онда ол тездетіліп берілген мәһр есебінде болады әрі күйеуі жасауын алып келуді талап ете алмайды. Ал неке қиярда мәһр деп айтылмаса, ол қарымта қайтару шартымен берілген сыйлық болып саналады. Мұндай жағдайда әдет-ғұрыпқа сай қыз тарапынан жасау талап ете алады", - деген.

"Қазақ дәстүрінде қалыңмал - қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһр деп санауға болады. Ал "әке еңбегі", "ана сүті", т.с.с. қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһрге саналмайды. Сондай-ақ қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһр болып есептелмейді. Қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһрді белгілеуі тиіс. Мәһр белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ күйеуі мәһр-мисл береді", - делінген жазбада.

Шешім:

Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһрге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады. "Әке еңбегі", "ана сүті" секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһрге жатпайды.