Русский Сайттың толық нұсқасы

“Күйеуім жүкті екенімді біліп, гинекологиялық курстан өтті": Черногорлық жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы шетелдегі келіндік өмірі туралы айтты

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2024
  • 97

Черногориялық жігітке тұрмысқа шыққан 21 жастағы қазақстандық ару желіде шетелдегі өмірін көрсетіп танылды. Алматылық Алянұр Құрғанбекова Велимир есімді азаматқа тұрмысқа шығарда толқығанын жасырмайды. Алайда кейін жұбайы мен черногорлықтардың ерекше қамқорлығына бөленген. Айтуынша, бұл жақта отбасылық өмірде келіндік міндет пен қатаң салт мүлде жоқ. Ал жұбайы жүкті екенін білгенде акушерлік, гинекология курсын оқып, әйелін қолдауға дайындалған. Черногориялықтардың ештеңеге асықпайтын жайлы өмір салтын таңғалған ару Stan.kz тілшісіне ұлтаралық некесі мен шетелдегі өмірі туралы айтып берді.

Алянұр мен Велимир Алматы қаласында танысқан. Арудың айтуынша екеуі бір компанияда жұмыс істегендіктен басында тек әріптестік, достық қатынаста болған. Тіпті черногорлық жігіт сезімін білдіреді деп ойламаған екен.

“Велимир 27 жаста. Ол Черногориядағы Бар қаласында туып-өскен. Қазақстандағы Алматы энергетика және байланыс университетінен білім алған. Біз 2 жылдай таныс болып жүрдік. Кейін алғаш сезімін білдірген кезде таңғалғаным рас. Себебі тек достық қарым-қатынас болғандықтан мені ұнатады деп ойламаппын. Сезімін білдіргеннен кейін оған қарым-қатынас орнатудың мен үшін өте жауапты әрі маңызды қадам екенін ашық айттым. Өміріме деген алдағы жоспарларыммен бөлісіп, жай ойнап-күліп уақыт өткізетін адам емес екенімді түсіндірдім. Әрине, қатты толқыдым. Себебі бұл мен үшін өмірімнің жаңа сатысы болды. Одан бөлек, Велимир басқа елдің азаматы болғандықтан оның отбасы да жырақта тұрады. Жыл сайын мамыр айынан күзге дейін ол өз отбасына Черногорияға кететін. Оның осылай ұзақ уақытқа кетуі қарым-қатынасымызға әсер ете ме деп алаңдадым. Сол себептен бәрін өзіне ашық айтып, талқылап алдық.”, – деді ол.

Алянұр отбасына таңдауының ұнайтынына сенімді болған. Сол себепті кездесіп жүргеніне екі апта өткен соң болашақ жарын ата-анасымен таныстырған.

“Мен үшін ата-анамның пікірі әрқашан маңызды. Сол себептен Велимирмен көңіл жарастырар кезде бірінші олардың білгенін қаладым. Біз бірге жаңа жылды тойладық. Ата-анам оны жақсы қабылдады. Танысқаннан соң алғашқы сәттен бастап, ол біздің салт-дәстүріміз туралы өзінің қызығушылықтары туралы айтып, отбасымның ерекше ықыласына бөленді. Ата-анама да оның қазақы дәстүрге қызығатыны мен білімділігі ұнады”, – деп қосты ол.

Ару Велимирдің отбасымен де таныстығын еске алды.

“Күйеуімнің отбасы да мені жақсы қарсы алды. Бәрі әуежайдан күтіп алып, сол күні жақын туысқандарымен де таныстым. Әрине тіл жағынан сәл кедергілер болды. Дегенмен, олардың бауырмалдығы мен ашықтығы маған жайлылық сезімін сыйлады. Оның үстіне күйеуімнің ата-анасы орыс тілін біледі. Мен олармен еркін сөйлесе аламын. Күйеуімнің анасы қазақ болғандықтан онымен оңай араласып кеттік. Ол да Алматы қаласынан”, – деді ол.

Алиянұр Черногорияда некелесудің бізден басқаша екенін де қоса кетті. Айтуынша мұнда қалың мал мен шашылып көп адам шақырып, үлкен той жасалмайды.

“Біз отау құрғымыз келетінін хабарлағаннан кейін бірінші атастыру рәсімі өтті. Мұнда тойға келетіндер саны бізге қарағанда азырақ. Біздің атастыруымызға 30-40 адамдай келді. Бұл тек күйеуімнің туыстары. Өкінішке орай менің отбасым бұл рәсімге келе алмады. Себебі бәрі аяқ астынан жылдам болды. Мамыр айында ол маған сөз салды, сол айда атастыру рәсімін жасадық. Бұл да салтанатты түрде 30-40 адамға арналған кішігірім той болды. Ал кейін шілде айында біз некемізге қол қойып тіркедік. Мұнда біздегідей құдалық, қалың мал, дүркіретіп үлкен той жасау деген жоқ. Әрине бұл жақта да тойлағанды жақсы көреді. Алайда олар қыз жақ пен ұл жақтағы кішігірім тоймен шектеледі. Алайда біздегідей екі жақтың бір-біріне сыйлық, ақша беруі жоқ. Сыйлықты тек куәгерлер мен неке қиған екі жасқа береді”, – деді ол.

Алиянұрдың айтуынша Черногорияда да біздегідей қыз ұзату дәстүрі бар. Алайда бізде жоқ қызықты рәсімдері де жоқ емес екен.

“Қызықты салттарының бірі Черногорияда қалыңдық күйеу жігіттің үйіне кірер алдында міндетті түрде кішкентай ұл нәрестені көтеріп кіреді. Бұл некеде алда “сол отбасыға ұл сыйласын” деген ырымды білдіреді. Тағы бір қызық жайт неке қиярда куәгерлердің болуы міндетті. Олардың қолы тіпті неке куәлігінде заңдастырылып тұрады. Бұл некенің екі жақтың келісімімен еш қысымсыз болып жатқанын көрсетеді. Ал бізде куәгерлер тек неке қию рәсімін қолдап келеді ғой құжатта заңды түрде еш қатысы болмайды”, – деп қосты қазақстандық.

Алматылық ару мұнда да келіндік өмірінде қонақ күтуде айырмашылықтар бар екенін тілге тиек етті. Мәселен мұнда қонақтарға біздегідей шәй емес, кофе ұсынылады екен.

“Қонақ қабылдаулары да басында маған қызық көрінді. Себебі әр келген қонаққа бөлек кофе қайнатып ұсыну керек. Алдымен үлкендерге, орта жастағыларға кейін әйелдерге бөлек-бөлек қайнатылады. Барша қонақтардың кімнің қандай кофе ішетінін шатастырмай жаттап алуың қажет. Маған осыны үйренуге тура келді. Бізде тек бір шәйнек қайнатып шәй беріп үйреніп қалғанбыз ғой. Одан бөлек, мұнда қонақтарға шұжық өнімдері, ірімшік сияқты тұзды тағамдар ұсынылады. ”, – деді ол.