Қызылордада биыл «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы аясында 575 жоба қаржыландырылды. Оған мемлекет тарапынан 4 млрд 600 млн теңге бөлінген. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің айтуынша, «Ауыл аманаты» тұрғындардың жаңа кәсіп ашып, әлеуметтік жағдайын көтеруге үлкен мүмкіндік беруде. Ал бағдарламаға қатысуға ниеттілер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр 3 млрд теңгеге 406 жоба жүзеге асқан. Соның есебінен 713 жаңа жұмыс орны ашылды.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Жоба аясында агробизнес өкілдері тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта «Абай дәулет» ЖШС нәтижелі жұмысын ерекше атап өткім келеді. Өткен аптада Үкімет басшысымыз Олжас Абайұлы жобаларға оң бағасын беріп, өңірдің тәжірибесін республикада кеңінен таратуға тапсырма берді.