Русский Сайттың толық нұсқасы

Ел тұрғындарды балықты 4 есе аз тұтынады

Елде балық шаруашылығы оңып тұрған жоқ. Былтыр небәрі 64 мың тонна балық өндірілді. Соған қарамастан Үкімет 2030 жылға дейін оның мөлшерін 270 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Экспорт та құлдыраған. Қазір судағы жануарды шетелге сатпақ түгілі, өзімізге жеткізе алмай отырмыз. Мәжіліс мәселені шешу үшін жаңа заң жобасын қарады. Толығырақ Аружан Задабек түсіндіреді. 

Еліміз бір жылда 25 мың тонна балық экспорттайды. Ал, бізге келетіндердің саны – 50 мың тонна. Экспорт, импортты былай қойғанда, Қазақстан – су жануарын ең аз тұтынатын халық. Әлемдік стандарттан 4 есе аз. Көрші Қырғызстан мен Өзбекстанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

АМАНҒАЛИ БЕРДАЛИН, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Заң жобасының мақсаты - жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, сондай-ақ бәсекеге қабілетті акваөсіру объектілерін өсіру көлемін ұлғайту және олардың қоршаған ортаға және адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы акваөсіруді тұрақты дамыту.

Елдегі су қоймалары сарқылған. Жаңа жоба шабақ өсіріп, оны табиғи ортаға жіберуді көздейді. Бірақ олай істесе балықты заңсыз аулайтындар олжаға кенелгілі тұр. Сол үшін су жануарын көбейту – бір, оны сақтауды екінші мәселе ретінде қарастыру маңызды, дейді депутаттар.

СЕРГЕЙ ПОНОМАРЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз бұл заң жобасын 1 жыл бойы талқыладық. Қазір салада мәселе көп. Қазақстандықтар жылына төрт келіден аз балық жейді. Ал Ресей мен Қытайда бір адам 23 және 43 келі тұтынады. Бұл ретте Дүнежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімін тұтынуды ұсынады.

Қазір ел аумағында 3 мыңнан астам табиғи және жасанды көл бар. 1416 кәсіпорын балық шаруашылығымен айналысады. Онда 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Десе де су инспекторларына деген тапшылық байқалады. Бұрын олардың саны 700 болса, қазір 300-ге дейін қысқарған.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Заң жобасының 4-бабында кадрлармен қамтамасыз ету негізігі міндеті деп қарастырылған. Ал әрі қарай түсетін болсаң 8-бабында уәкілетті органның қызметі мен жергілікті атқарушы биліктің құзіретінде кадрларды даярлауға қатысты ешқандай құзыреттілік берілмеген.

Заң жобасында инвесторларға тиімді ұсыныстар бар. Егер 500 млн теңгені салаға құюға дайын кәсіпкер болса, онда оған Каспийдегі су аумақтарын ешбір байқаусыз бөліп беруі мүмкін. Бұл ғана емес. Шаруашылықты дамыту үшін депутаттар субсидия мәселесін де қарастырып жатыр. Тіпті, су қоймаларын жалға беру уақыты ұзарады. Бұған дейін 5 жылдан 25 жылға дейін болса, бұдан кейін 10 жылдан 49 жылға дейін беру көзделген.