2024 жылдың 20 қарашасында Ақтауда жеңіл көлік азық-түлік дүкеніне қойып кетіп, бір адам зардап шекті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Lada.kz басылымы аталған оқыс оқиға 27 ықшам ауданда, №4 үйдің жанында орын алғанын, куәгерлер болған жайтты видеоға түсіріп алғанын жазады. Оқиға салдарынан 19 жастағы қыз зардап шекті.
Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, бойжеткен сөрелер арасында қысылып қалған.
"Науқас сол аяғы, арқасы, сол жақ жамбас буынының ауырсынуына шағымданды. Еркін қозғала алмаған. Оның айтуынша, көлік дүкенге қойып кеткен кезде жарақат алған, азық-түлік толы сөрелер оның аяғы мен беліне құлаған".
Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының баспасөз қызметі
Дәрігерлер ішкі ағзаларға зақым келу ықтималдылығын жоққа шығармайды. Жәбірленуші тексеру үшін Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілді.
Маңғыстау облысының полиция департаменті аталған жол апатына қатысты түсініктеме берді. Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы, "Көлік құралдары жүргізушілерінің адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің зақымдалуына әкеліп соққан жол жүрісі ережелерін бұзуы" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 20-дан (73 840 теңге) 60 (221 520 теңге) АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Көлік айыппұл тұрағына қойылды. Сараптама тағайындалды. Сараптама нәтижесінен кейін қылмыстық жауапкершілік мәселесі қаралатын болады.