Русский Сайттың толық нұсқасы

Таиландта кемі он адамды өлтірді деп айыпталған әйел өлім жазасына кесілді

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2024
  • 126

Таиланд соты кемі он адамды улап өлтірді деп айыпталған әйелді өлім жазасына кесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ CNN телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Үкім сәрсенбі күні Бангкокта оқылды. Судья шешімін үш сағат бойы оқыды. Сот үкіміне сәйкес, былтыр Сарарат Рангсивутхапорн құрбысының тамағына цианид сеуіп өлтірген.

Содан кейін оның 4400 доллардай тұратын мүлкін ұрлаған. Ол қарыздан құтылу үшін осындай әрекетке барған. Қайтыс болған әйелдің денесінен цианид ізі табылған. Кейін полиция Сараратпен бірге тамақтанған бірнеше адам осы заттан уланып өлгенін анықтаған.

Сотта сөйлеген куәгерлердің бірі 2020 жылы астан уланып, ауруханаға түскенін, бірақ Сарараттың полицияда істейтін күйеуінен қорқып, ол туралы ешкімге айтпай келгенін мәлімдеген. Сарараттың өзі сотта куәлік етуден бас тартқан. Сот шешіміне сәйкес, күдіктінің адвокаты Сарараттың бұрынғы күйеуіне қылмысқа қатысы бар заттардың бәрін жоюға кеңес берген.

Сот адвокатты екі жылға, ал бұрынғы күйеуін бір жыл төрт айға соттады. Олар апелляциялық шағым түсіру үшін кепілмен босатылды.

Сарарат тағылған айыптарды жоққа шығарып, сот үкіміне шағым түсіруді көздеп отыр. 2018 жылы Таиланд өлім жазасына мораторийден бас тартып, ең ауыр жазаға кесілген бір адамға ине салу арқылы өлтірген. Содан бері бұл елде өлім жазасы қолданылмаған.