Сенат үш жылдық бюджетке байланысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Заңның ішінара баптары ғана мақұлданды. Республикалық бюджетті талқылау барысында сенаторлар Үкімет мүшелерінің алдында Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану, экономиканы әртараптандыру, салықтық түсімдер мен инфляцияның өсуі, гидротехникалық құрылыстардың, жылу желілерінің жай-күйі, ауыл шаруашылығын қолдау және ауылдағы өмір сүру сапасын арттыруға қатысты мәселелерді көтерді. Бұдан бөлек, депутаттар өңірлерді дамытуға арналған қаражатты арттыруын сұрады. Нақты айтқанда, аймақтарды дамытуға бюджеттен қосымша 60 млрд теңге бөлу ұсынылды.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ауыл тұрғындарын таза және қолжетімді ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінетін болды. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін жобаларды қосымша қаржыландыру қарастырылып отыр.