Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қаңғыбас иттерге жылына 450 млрд теңге, күніне 1,2 млрд теңге жұмсалады», - министрлік

Елімізде бір оқушыға күніне 840 теңге, ал итке 5 мың теңге бөлінеді. Қаржының айырмасы жер мен көктей екені тайға таңба басқандай байқалады. Жануарға келгенде жанымыз шығып, қоярға жер таппаймыз. Ал, қауіпсіздік мәселесіне бас қатырған адам аз. Мәселен, биыл құтырма ауруымен 44 мың адам ауырды. Оның 32 мыңнан астамын ит қауып алған. Төртаяқтылар тістегендердің дені әлі кәмелетке толмаған балалар. Осыдан кейін бір топ азамат бұралқы балдырғаннан артық емес деп, бәрін қырып тастауды ұсынып жатыр. Ал жануар қорғайтын ұйымдар бұған түбегейлі қарсы. Кімдікі дұрыс? Аружан Задабек тарқатады. 

Мәжілістегі бұл жолғы дөңгелек үстелдің жөні бөлек. Ит итін шығарғандар мен бұралқыларға бүйрегі бұрып тұратындар бір алаңға жиналған. Бәрі белсенді. Бірінің сөзін бірі қағып алып, атарға оқ таппай әлек. Мұны депутаттар да байқаған. Жаңбыршин ашуын ауыздықтай алмай отырғандарға бірнеше ескерту жасады.

Бұл - жануарлар үшін жанын беретін жандар. Алыстан қарап-ақ олардың арнайы ұйымнан екенін бірден білдік. Алаңда айтылған әр ұсыныс шамдарына батты-ау, қайта-қайта тоқтатып, наздарын айтты. Оларды ашуға алдырған бір мәселе. Ол - эвтаниязалау. Яғни егесі болмаса екпе егіп о дүниеге аттандыру.

ОЛЬГА ЧЕНЦОВА, «KAZBAR» ЗКП ANIMAL LAW КОМИТЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Англияда заң бар. Олар да эвтаназия да бар. Бірақ олар оны қөолдануға мәжбүр емес. Өйткені бәрі заңмен реттелген. Қараусыз жүрген ит жоқ. Төртаяқтыны сатуда да сауатты. Осындай тәжірибелерді қарау керек.

Шарқ ұрып шырылдағандарға жиналғандар арасынан қарсы жауап бергендер де болды. Тек иттердің қауіпсіздігі дей бермей, мәселеден шығар жол іздеуді ұсынды. Адам тағдырын, оның ішінде бала қауіпсіздігін ысыруға болмайды, - дейді. Өйткені төртаяқтыдан жапа шеккендер аз емес. Соңғы 10 айда 32 345 адамды бұралқы қауып алған. Оның 17 078-і- 14 жасқа толмаған бала.

ЖАНАТ ЖАМАЛБЕКОВА, ҚР ДСМ АСА ҚАУІПТІ ИНФЕКЦИЯЛАРДЫ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Статистикада берілген саны ғана. Одпн да көп болуы мүмкін. Егер адамдар бұл құтырма ауруымен ауырса бізде ол адам өледі деп есептейміз. Өйткені құтырма ауруының клиникалық белгілері басталған кезде ол адамға ешқандай дәрі-жәрмек, медициналық көмек берілмейді.

Әлемде бұралқы иттерге қатысты екі практика бар. Бірі - ұстап, вакцинасын салып, өз ортасына қайта жіберу. Екінші тәсіл - иттерді қайтарымсыз аулау. Оның да екі түрі бар. Не өмір бақи бағу, болмаса екпе арқылы о дүниеге аттандыру. Қазір заң жобасында осы мәселелер қарастырылып жатыр.

ЕРБОЛАТ САТЫБАЛДИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сондықтан бюджет бойынша мемлекетке салмақ салмау жағын да ойластыруымыз керек. Ең бастысы адамдардың, қоғамның қауіпсіздігі . 2021 жылғы заңда жауапкершілік туралы бап бар, өкінішке қарай ол бап қазір жұмыс істемей тұр. Қазір осы бапты толықтыру жағы қаралып жатыр.

Жануарларды қорғау ұйымының мүшелері иттерді өлтірмей, тек вакциналауды ұсынып отыр. Бірақ ол Үкіметтің бүйірін қысқалы тұр. Қазіргі есеп бойынша елде 300 мыңдай қаңғыбас төртаяқты бар. Олардың бәрін бір мезетте аулап, зарарсыздандыруға 15 млрд теңгедей қаржы қажет. Бұл тек бір жылға. Ал егер оларды табиғи өліміне дейін күтіп ұстайтын болсақ, күніне 1,2 млрд, ал жылына 450 млрд теңге қажет болады.