Жылыту маусымы кезінде апаттық-диспетчерлік қызмет мамандарына жүктеме көлемі артады. Олардың техникалық жабдықталуы, шұғыл шақыруларды өңдеуі және жедел әрекет етуі өте маңызды.
САНЖАР ЖАРКЕШОВ, "QAZAQGAZ" ҰК" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
-Бұл қызмет өте маңызды, аса қауіпті, аса маңызды рөл деп айтамыз. Өйткені елімізде мынау Астанада ғана емес, бүкіл еліміз бойынша тұтыну көлемі артып жатыр, абоненттер көбейіп жатыр. Сондықтан біздің басты мақсат газды үздіксіз қамтамасыз ету және бұның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Газға қатысты қоңырау шалсаңыз, мынадай сары машинаға мініп, апаттық бригада қызметі бірден келеді. Бұл қызметте еліміз бойынша 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде диспетчерлер, инженерлер, слесарьлар мен көлік жүргізушілері бар. Жыл басынан бері газ ақауларына қатысты 46 мыңнан астам өтініш қанағаттандырылған.
ТАЛҒАТ СЕЙДАҚОВ, АПАТТЫҚ-ДИПЕТЧЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ СЛЕСАРІ:
Сарыарқа, мынау ЮгоВосток райондарында основной көп заявка түседі. Негізі біздің талап бойынша 40 минутта жету керек. Газды тез анықтайтын құралдарымыз бар жаңадан, сосын машиналар бәрі жаңа.
Көгілдір отынның әр абонентке үздіксіз әрі қауыпсіз жетуіне жауапты мамандарға бизнес өкілдері де риза. Табиғи газға қосылу жеке үйлердің тұрғындарына жылу мен қуаныш сыйласа, кәсібін дөңгелеткен жан үшін газ - арзан отын мен тұрақтылық белгісіне айналған.
ЕВГЕНИЙ ЯКОВЧЕНКО, "ЭНКО" ЖШС ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Табиғи газға қосылғалы өнім шығаруға кететін шығын азайды, өнім бағасы да төмендеді. Соның нәтижесінде бәсекелестік қабілетіміз артып, ел азаматтары үшін қолжетімді бола түстік. Газды тұрақты әрі үздіксіз берген QazaqGaz Ұлттық компаниясына алғыс айтамыз.
Бүгінде бас қалада 10 800 шаңырақ табиғи газды тұтынып, көгілдір отынның қызығын көруде. Газ мамандары оны қолдануда тұрғындарды мұқият әрі сақ болуға шақырады.