Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудағы сібір жарасы: Мал базарында жұмыс істейтін бір адам ауруханаға түсті

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2024
  • 155

Атырауда мал сататын базарда өлген сиырдан сібір жарасы анықталған еді. Енді осы базарда жұмыс істейтін бір адам ауруханаға жатқызылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл деректі Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев растады. Оның айтуынша, "Асыл-Агро" шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында өлген малдан сібір жарасы табылған.

"Өлген жануармен қарым-қатынаста болған 16 адамның барлығы анықталды. Оларды инфекционист-мамандар тексеріп, медициналық бақылауға алды. Алдын ала мәлімет бойынша, қасапхананың бір қызметкері сібір жарасы ауруының алғашқы белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Ветеринариялық зертхана микроскопия, биоталдау және ПТР көмегімен жиналған материалдарды зерттеді. Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері жақын күндері шығады", – деп хабарлады Руслан Жұмағазиев.

Оның ақпаратына сүйенсек, Ақтөбе қаласынан эпизоотиялық отряд келген. Отряд құрамындағы мамандар базарларда дезинфекция жұмыстарын бастады. Бұл шаралар инфекцияның ықтимал таралуын болдырмауға бағытталып отыр. Барлық қажетті ветеринарлық-санитарлық шаралар қолданыстағы алгоритмге сәйкес қатаң түрде жүргізіеді.

Ал, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Альмира Сабырғалиеваның пікірінше, сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды.

"Бұл инфекция ауру ірі қарамен жылқыдан, қой мен ешкіден тарайды. Сібір жарасының қоздырғышы адам ағзасына негізінен зақымдалған тері арқылы, тыныс алу жолдарының немесе асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаттары арқылы түседі", – деп мәлім етті Альмира Сабырғалиева.