Атырау облысында ірі қараны әкелуді бақылау үшін төрт полиция және ветеринарлық бақылау бекеті құрылды. Қажетті құжаттарсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, зертханалық сараптама қорытындысы бойынша мал сою пунктінің бір қызметкерінен сібір жарасы анықталған.
Науқас қазір ауруханада жатыр. Емдеу бекітілген медициналық хаттамаға сәйкес жүргізілуде. Оның жағдайы қазір тұрақты. Қалған адамдарда аурудың белгілері байқалмаған.
«Инфекция ошағында санитарлық және ветеринариялық нормаларға сәйкес жұмыс жалғасуда. Ветеринариялық бақылау мамандары карантиндік аймақта орналасқан барлық жануарларға толық вакцинациялауды аяқтады. Дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде», — деді Руслан Жұмағазиев.
Облысқа ірі қара малдың әкелінуін бақылау үшін барлық бақылау-өткізу пункттерінде егілгенін растайтын құжаттар тексеріліп, малдардың жағдайы тексеріліп, термометрия жүргізілуде.
Осындай іс-шаралар санитарлық қауіпсіздік мақсатында Атырау қаласындағы мал сою пункттерінде де ұйымдастырылды. Ветеринариялық құжатсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынады.
Бұған дейін «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында өлген малдан сібір жарасының табылуына байланысты 20 қарашадан бастап шаруашылыққа карантин енгізілгенін хабарлаған болатын.
Кейін өлген жануармен байланыста болған 17 тұрғынның біреуінде аурудың белгілері бар екені белгілі болды.