Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 102 желісіне түсетін қоңырау саны азайған. Есесіне отбасылық жанжал бойынша қозғалған қылмыс саны 4 есеге жуық көбейіпті. Өңірде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы» бастау алды. Заң қатайды. Ал әйелдерге күш көрсету азайды ма? Тілшіміз мамандармен тілдесті.
Атыраудағы дағдарыс орталығында 6 әйел , 19 бала жатыр. Кейбіреуі күйеуінен қашып, 4-ші рет пана сұрап келген. Мұнда күйеуінен теперіш көрген әйелдерге мамандар жан-жақты көмек береді. Жыл басынан бері 30ға жуық келіншек пен 100ге тарта балаға келген.
БЕКБОЛАТ ТАЙЖАНОВ, ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ БӨЛІМШЕСІНІҢ ЗАҢГЕРІ:
Психолог мамандар сөйлесіп, ортада қандай кикілжің болды, қандай келіспеушілер болды, соны анықтап, соны біз шешіп, татуластыруға жұмыс жасаймыз. Жалпы егер де ұрып соңып, 109/1мен арыз-талап жазылатын болса, сонда шараларын орындауға атсалысамыз, сотқа жіберуге. Әйелдер ұрып соқты деп жазуға сотталып кетеді деп кішкене бас тартады.
Полиция департаментінің мәліметінше, былтыр 10 айда 102 желісіне зорлық-қомбылық туралы 4 мыңға жуық хабарлама түскен. Биыл қоңыраулар саны 3087-ге дейін азайған. Есесіне 80нен астам қылмыстық іс қозғалған. Былтыр 23 еді. Құқық қорғаушылар мұны заңның қатаңдатылуымен түсіндіреді.
РАЙСА АЙТЖАНОВА, АОПД ЖПҚБ ӘЙЕЛДЕРДІ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ҚОРҒАУ ТОБЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Қазіргі уақытта ұрып-соғудың заңы қатайтылып, жауапкершілікке тартылады. Енді бұның саны 599 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Үшкір затпен жарақаттайды деп айтамыз, ұрып-соғу деп айтып жатырмыз. Оның бәрі жәбірленуші мен құқық бұзушының арасында болатын кикілжің. Бұл жерде екі тараптыан да болады. Бұл жерде ең басты зардап шегетін балалар.
Президент Жарлығына сәйкес, аймақтардың даму жоспарына әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылық қылмыстарының профилактикасы жөніндегі нысаналы индикатор енгізілді. Мамандар бұл отбасылық қылмыстың алдын алу үшін нақты шараларды қолға алуға жол бастайды деген пікірде.
ЗӘМЗӘГҮЛ ЖАЛМУРЗИНА, ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ БАС ИНСПЕКТОР:
2021-25 аумақтық даму бағдарламасына бүгінгі таңда зорлық-зомбылыққа байланысты нысаналы көрсеткіштер бар арнайы бекітілген пункттермен. Сол көрсеткіштерді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл даму бағдарламасына ену нысаналы көрсеткіш деген көп жұмыстарда нәтижеге жетуге қадам деп ойлаймын.
Мамандар тұрмыстық жанжалды сараптай келе, ішімдік пен есірткіге масайып, әлімжеттікке жол береді дейді. «Зорлық-қомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы барысында отбасындағы зорлықтың жолын кесіп, ана мен баланы қорғау үшін түрлі бірлескен жұмыстар жүреді.