«Мұнайлы ел – Құдайлы ел» деуші едік. Әзіл аралас осы бір сөздің астарында шындық басымырақ сияқты. Десе де, сол мұнайдың үстінде отырсақ та, қара алтынның тапшылығы байқалады. Еліміздегі ішкі нарыққа қажетті мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отыр. Қазір олардың өндіріс көлемі азаюда. Саладағы ахуал жайлы Мөлдір Жақан айтады.
Қазір мемлекет есебінде 348 көмірсутек шикізатының кен орны бар. Оның 72%-ы – «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» сияқты ірі кен орындарының үлесінде. Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин алдағы 10-15 жылдан кейін осы үш ірі кәсіпорында мұнай-газды өндіру көлемі төмендейтінін айтты.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бізде жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл нонсенс. Іс жүзінде Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді және 7 жыл ішінде елімізге 6 млн тоннадан астам мұнай өнімдері импортталды. Яғни еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді.
Жыл басынан бері мұнай өндіру 73,5 млн тоннаға жетті. Жеңіл мұнай өнімдерін өндіру 10,9 млн тонна, битум өндірісінің болжамы – 0,8 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр.
АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Қашағанда 2026 жылдан бастап мұнай өндіруді 1 млн тоннаға арттыруды көздейтін қуаты жылына 1 млрд метр куб Газ өңдеу зауытын салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 2029 жылы қуаты жылына 2,5 млрд метр куб газ өңдеу зауытын салу арқылы мұнай өндіруді 2 млн тоннаға арттыруды қамтамасыз етеді.
Бүгінде Қазақстан әлемдегі ең қымбат авиаотынды тұтынып отыр. Депутат Мұрат Әбенов «бұл мәселеге авиакомпаниялар ғана емес, Энергетика министрлігі мен Қазмұнайгаз компаниясы кінәлі» деді. Жасанды тапшылық ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Өйткені әуе билеті құнының 30%-ы жанармай бағасына байланысты.
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Әуе билеттерінің бағасы өте жоғары. Біз авиакомпанияларды жиі сынаймыз. Бірақ іс жүзінде негізгі кінәлілердің бірі – Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз». Бүгінгі таңда авиаотын бағасы 600 мың теңге болған. Әлемде отын бағасы, оның ішінде ТМД елдерінде 300 мың теңге. Бұл монополиялық жағдай. ҚазМұнайГаз бағаны жоғары ұстап тұруға мәжбүр етеді.
Жауаптылар бұл айыппен келіспейді. "Авиакеросин бағасына әуежай қызметтері де кіреді" дейді. Яғни, отынды сақтау, құю, ұсыну, тағысын тағы. Ал бағаның өсуіне, бәсекелестікке жатпайтын тәсілдерге жол бермеу үшін монополияға қарсы органдар тарапынан бірыңғай оператор құрылғанын жеткізді.
АСХАТ ХАСЕНОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Азаматтық авиация 500-600 мың тонна отынды қажет етеді. Энергетика министрлігі мен Көлік министрлігі азаматтық авиацияны отынмен толығымен қамтамасыз етіп отыр. Ал жүк тасымалдаушылар үшін отын шетелден импортталады.
Осылайша «Қара алтын» біз ойлағаннан да құдыретті болып шықты. Қазір еліміздегі мұнай қорының жалпы көлемі – 4,3 млрд тонна. 2026 жылдан бастап Қазақстан жыл сайын 100 млн тоннадан астам мұнай өндіруді жоспарлап отыр.
2024 ж. мұнай өндіру - 73,5 млн тонна.
Жеңіл мұнай өнімдерін өндіру - 10,9 млн тонна (автобензиндер – 5,1, авиаотын – 0,6 және дизель отыны – 5,2)
Битум өндірісі – 0,8 млн тонна.