Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда тасқын кезінде су басқан ауыл шетінен қосымша дамба тұрғызылады

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2017
  • 3743

Қызылжарда суда қалған Мичурин ауылының шетінен қосымша дамба тұрғызылады. Бұл жайында билік өкілдері тұрғындармен кездесу барысында хабарлады. Айта кетейік, аймақта әлі 200-дей үй суда тұр. Жиынға арыз шағымдарын арқалай келген халық тасқынға қатысты бар өкпе-назын атқамінерлерге жайып салды. Оларды әсіресе өтемақы жайы мазалайды.

Ауыл тұрғындары әлі де ес жия алар емес. Жиһаздарын тасып әкетуге тырысқанымен, одан шыққан нәтиже шамалы болған. Ал қазір су ортасында қалған үйлердегі заттардың көбі бүлініп кеткеніне налиды.

Айнагүл Жұмабаева, Мичурин ауылының тұрғыны:

Үйдің ішіндегі ремонтты өзім істеп жатырмын. Үйде қал ды судың астында. Түні бойы 4-5-ке дейін бірде бір ЧС-ник, солдат сұрады ма? Барсың ба, жоқсың ба деп? Менің бұзылған нәрсем орнына келсе болды. Мен лишний сұрамаймын.

Мұңын айта келген жұрттың қарасы қалың. Шенеуніктердің айтуынша, тек үй ішінде тұрған заттардың құны өтеледі. Ал аулада орналасқан жылжымалы және жылжымайтын мүлікке өтемақы төленбейді. Тиісті құжаты жоқ баспаналар да өтемақыдан қағылады 

Қанат Баркитов, Қызылжар ауданы әкімдігі заң бөлімінің басшысы:

Үкімет бекіткен ережелерге сәйкес, құрылысты жүргізуге рұқсаты жоқ үйлерге өтемақы төленбейді. Ал егер тұрғындардың қолында сәулет-жоспарлау тапсырмасы болып, олар үйдің құрылысын аяқтап үлгермесе, шығыны өтеледі. Өтініштер мамырдың 27 дейін қабылданады.

Мичурин ауылында екі жүзге таяу үйді су басқан. Оның жартысына жуығы әлі де суда  тұр. Бағалау комиссиясы, елді мекен судан арылған соң ғана, жұмысты бастамақ. Ауылға электр жарығы да берілмеген. Трансформаторлар мен сымдардың тозу көрсеткіші әлі зерттелмепті. Келесі аптадан бастап жолдар жаңғыртудан өтпек. Атқамінерлер ескі дамбаны күрделі жөндеуден өткізуді көздеп отыр.

Бақыт Ілиясов, Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Қазіргі дамба Мичуринді айналып, темір жолға тіреледі. Жалпы ұзындығы 2,5 шақырым, ал биіктігі 5 метр болмақ. Бұл жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге сұрап отырмыз.

Заңды тұлғалар өтемақы жүйесіне ілікпей қалды. Себебі, ортақ ережеге сәйкес, тек қарапайым тұрғындардың ғана шығыны қайтарылады. Шенеуніктердің айтуынша, бизнесмендер өз кәсіптерін сақтандыруы тиіс болған.

Андрей Зверев, омарташы:

Араның балұясы 15 мың теңге, ал араның ұясы 10 мың теңге тұрады. Менің отызға жуық балұям болды. Одан басқа УАЗ маркалы көлігім бар. Оның бәрін су басты. Жалпы шығыным бірнеше миллионға жуықтайды.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Солтүстік Қазақстанда 17 ауылды су басып, 380 үй бүлінген. 12 баспананы ағын су шайып кетті.  200 астам үй әлі де суда тұр.

Тасқын салдарын жоюға қыруар қаражат қажет екені айдан анық. Былғары зауыт кенті мен Мичурин ауылындағы қос дамбаны тұрғызуға шамамен 4 миллиард теңге қажет. Бұзылған жолдарды жөндеу де бар. 

Абзал Құрманкин, тілші:

Айта кету керек, қазір Қызылжарда Есіл өзенінің деңгейі бірте-бірте төмендеп келеді. Топан су Ресейге қарай бет алды. Алапат су тасқынынан алғашқылардың бірі болып Түмен облысы зардап шекті. Ишим қаласында төтенше жағдай жарияланды.

А.ҚҰРМАНКИН