Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл басынан бері Павлодар облысында 1331 мас жүргізуші ұсталды

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2024
  • 113

Павлодар облысының Тереңкөл ауданына қарасты Калинов ауылында оқыс оқиға орын алды. Ауылда полиция қызметкерлері Audi-80 көлігін тоқтатып, жүргізушіден күмәнді белгілер байқаған.

Медициналық куәландыру нәтижесінде оның мас күйінде екені анықталды. Автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылып, құқық бұзушыға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.

Полиция мәліметіне сәйкес, бұл жүргізуші өткен жылы да осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Алайда ол тәртіпке бағынбай, ережені екінші рет бұзды.

"Әр адам жақындарының, достарының және таныстарының көлік жүргізу кезінде мас күйде болмауын қадағалап, оларды тоқтатуы тиіс. Сондай-ақ мас жүргізушіні байқасаңыз, бұл туралы полицияға дереу хабарлаңыз", – деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Жыл басынан бері Павлодар облысында 1331 мас жүргізуші ұсталды. Бұл аз сан емес. Осындай ережебұзушылықтардың салдарынан 20 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның нәтижесінде 4 адам көз жұмып, 28 адам түрлі жарақат алды.