Русский Сайттың толық нұсқасы

345 мың жас не оқымайды, не жұмыс істемейді

Оқымайтын, жұмыс істемейтін жастар көбеюде. Олардың саны 340 мыңнан асып жығылады. Екі қолға бір күрек ұстап еңбек етуге, болашағы үшін білім алуға жастар неге құлықсыз? Елімізде ипотекалық несиеге сұраныс артып жатыр. Банктер баспаналы болғысы келгендерге 1,4 трлн теңге қарыз берген. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.

Елімізде сенделіп жүрген жастардың қатары күн санап артып келеді. Қазір 345 мың азамат не оқымайды, не жұмыс істемейді. NEET категориясындағы жастардың басым бөлігі Алматы қаласының тұрғындары. Халықтың 42 мың 500-і екі қолға бір күрек ұстауға құлықсыз. Түркістан облысында 34 мың 600, Астанада 26 мың 400 адам тіркелді. Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында. 5 мың 400 адам NEET санатына кіреді.

Жаңа жылдың көркін кіргізетін Аяз ата мен Ақшақардың қызметі бір жылда 20 пайызға өсті. Былтыр ертегі кейіпкерлерінің жарты сағаттық сапары ел бойынша орташа есеппен 10 мыңнан 15 мың теңгеге дейін болса, бүгінде 30 минуттық қойылымы 12 мың теңге тұрады. Шымкентте бұл қызметті 13 мың теңгеге тапсырыс беруге болады, ал Қарағандыда немесе Оралдағы Аяз Ата мен немересі 15 мың теңгесіз келмейді. Қызылордадағы Аяз аталардың қызметі болса 10 мың теңгеден аспайды. Бұл уақытта Астана мен Алматыдағы жаңа жыл актерларының қалтасы қампаяды. Себебі, VIP-Аяз Ата! Ақшақармен шай ішу, тәтті пирогтар, сыйлықтар беру, белсенді ойындар, бейне және фотосессия секілді бағдарламалары бар. Құны 65 мың теңге тұрады.

Отандастарымыз баспана аларда ипотекалық несиеге жиі жүгінеді. Банктер биылғы жылдың 9 айында үйлі болам дегендерге 1,4 трлн теңге сомасында қарыз берген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық. Мамандар ипотекаға сұраныстың артуын мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуымен байланыстырады. Сонымен қатар, қазір көпшілік зейнетақы шотындағы қаржысын тұрғын үйге салуда. Қазан айының өзінде 45 мың өтініш мақұлданған. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда 15 пайызға артық. Жалпы соммасы 37 млрд теңге зейнетақы шотынан банктерге аударылды.

13 мыңнан астам шетел азаматы елімізге келіп нәпақа тауып жүр. Олардың 543-і басшылық қызметте, 2514-і құрылымдық бөлімшелердің басшылары лауазымын атқаруда. 6 мыңға жуық білікті жұмысшылар мен мамандар, сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1120 адам, корпоративтік ауыстыру аясында 3200 адам еңбек етуде. Шетелдік жұмыс күшінің басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді. Олардың саны 5 мыңнан асады. Өңдеу өнеркәсібі мен әкімшілік және көмекші қызметтерде – 2700-ге жуық адам нан тауып жүр. Тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу ісінде – 1 359 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 1 168 адам қызмет етеді. Еңбек мигранттарының көшін 4664 адаммен Қытай бастап тұр. Өзбекстаннан 1200, Түркиядан 1150, Үндістаннан 1100 адам елге келген.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін 498 теңгеден саудалануда. Еуро 523, Ресей рубльі 4,8 теңге болды.