Мәжіліс су кодексі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа су кодексі 121 баптан, 14 тараудан және 6 бөлімнен тұрады.
Заң жобасы аясында 4 кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Толығырақ Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов таныстырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа су кодексінің жобасы әзірленді. Бұл құжатта халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай экожүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды басқару есебінен экономиканы тұрақты дамытуға жол ашатын заңдық тетіктер барынша қамтылды», — деді Нұржан Нұржігітов Мәжілістің жалпы отырысында.
Министр жаңа су кодексі бес негізгі қағидатқа негізделіп әзірленгенін айтты.
«Мәселен, жаңа су кодексінде «су қауіпсіздігі» ұғымы алғаш рет енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерлерінен қорғауды қамтиды. Басты назар су ресурстарын сарқылу мен ластанудан қорғауға аударылып, содан кейін ғана экономикалық қажеттілікке маңыз берілген. Бұл жаңа су кодексінің қолданыстағы кодекстен негізгі ерекшеліктерінің бірі. Сонымен қатар, кодексте шағын өзендер мен көлдерді қорғаудың талаптары кеңейтілді. Атап айтқанда, шағын өзендерде түпсіз бөгеттер құрылысына тыйым салу туралы талаптары қарастырылып отыр. Тағы бір жаңашылдық су ресурстарын кешенді басқаруды дамыту қағидатын сақтай отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесін елеулі деңгейде реформалау. Сол сияқты су ресурстарын интеграциялық басқарудың бас жоспарын және бассейндік жоспарларды әзірлеуді көздейді», — дейді ол.
Оның айтуынша, жаңа заңнаманың маңызды компоненті — қолданыстағы заңнамада жоқ, су үнемдеуді ынталандыру механизімдерін енгізу.
«Жаңа талаптарға сәйкес суды пайдалануға рұқсат суды үнемдеуге (суды қайта пайдалану жабдығының болуы) кезең-кезеңімен (бес жылға дейін) көшу жоспары болған жағдайда ғана беріледі. Суды үнемдеу саясатын одан әрі жүзеге асыру және фермерлер мен кәсіпорындарды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін заңнама деңгейінде де, нақты практикалық шаралар деңгейінде де негіз қаланды», — деді Н. Нұржігітов.
Сондай-ақ, жаңа заңнамаға сәйкес бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау бойынша тергеу құзыреті берілмек.
«Бұл тетік су ресурстарын қорғауға, олардың заңсыз пайдаланылуына жол бермеуге, қойылатын талаптарды күшейтеді және қара нарықпен күрес құралына айналады», — деп толықтырды ведомство басшысы.