Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс одан әрі нығая бермек» - сарапшы

География – бұл тағдыр. Құрлықтағы ең ұзын шекараға ие Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс одан әрі нығая бермек. Сарапшылар осылай дейді. Көршілес екі ел энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы сынды сан салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазірдің өзінде болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.

НҰРГЕЛДІ ӘБДІҒАНИҰЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

Біздің географиямыз осы аумақта орналасқан. Біздің тағдырымызға Ресей, Қытай секілді алып державалық көршілер бұйырған. Сондықтан көпвекторлы саясатты ұстанатын Қазақстан сөзсіз өзінің көршілес мемлекеттермен ықпалдасады, одақтасады, әріптестікті барынша дамытуға мүдделі болады.

Еуразиялық экономикалық одағының белді мүшесі ретінде мемлекетіміз Ресей үшін маңызды серіктес. Қазір елімізде Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Былтыр Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да өз кезегінде Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Осының барлығы арадағы экономикалық байланыстың тым ұзаққа кетіп қалғанын көрсетіп отыр. Және де Қазақстандағы импорттың үлесі, яғни, Ресейден келетін импорт тауарларының үлесі 60 пайызға жетіп отыр. Сол 60 пайызының 91 пайызы – бұл дайын өнімдер екен.