Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өздері би, өздері қожа»: депутаттар министрлерді сынады

Бізде тұрғындар ғана емес, Үкіметтің өзі былыққа батқан. Елдегі қазіргі жағдай мәз емес. Сыртқы қарыз бастан асады. Соған қарамастан Үкіметтегілердің «өздері би, өздері қожа». Бюджет заңын білгендерінше өзгертіп, бармақ басты, көз қысты әрекетке көшкен. Онымен қоймай оны мақтаныш көріп, үлкен іс бітіргендей есеп берді. Мұны депутаттар тасада қалдырсын ба?! Ашынғаннан емес, жанымыз ашығаннан айтамыз деп әбден сынады. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек айтсын. 

Қарызға баттым деп жылап-сықтап жүрсеңіз, дәл қазір шүкір деңіз. Өйткені білдей еліміздің өзі былығын жаба алмай отыр. Қарыздың күліп келіп, жылатып қайтатынын Үкімет те ескермеген секілді. Береріміз 166 млрд АҚШ доллардан асқан. Бұл – мемлекетке 4 жылда түсетін қаржы.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Бюджет тапшылығында 136,1 млрд теңге сомасына 2023 жылдың соңына бюджет қаражатының қалдықтары және жекелеген жобаларды іске асыруға қарыздарды тарту ескерілді.

Қарыз қыспаққа алды деп бекерден-бекер айтып жатқан жоқпыз. Мәселенің шынымен ушыққанын мынадан-ақ байқауға болады. Бізде бюджетке түскен ақшаның 92 проценті шығыстарды жабуға кетеді. Қалған 8 пайызын ғана елді дамытуға пайдалана аламыз. Міне, мәселе қайда жатыр! Мұндайда халықтың өмір сүру деңгейін көтеру туралы жақ ашудың өзі артық дейді депутаттар.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ешқандай өсім жоқ. Мұнай бағасы төмендеп жатыр. Өнімді өңдеу жоқ. Сіздер не істеп отырсыздар? Бюджетті қалай толтырасыздар? Біз шикізатпен Ұлттық қорды толтырып, жалпы ішкі өнімді өсіре алмаймыз. Осылай келіп, депутаттарға жауап беріп кетесіздер. Өсіп жатқан өнім, салық, ұлттық қор жоқ. Сіздер не істеп жүрсіздер?

Бюджетте тапшылық болғаннан кейін Үкімет айналып келіп Ұлттық қордан ақша алады. Биыл 6,6 триллион, ал келер жылы 5,3 трлн теңге жоспарланған. Бұл – қор көлемінің үштен біріне тең сома. Мұны естіген депутаттар, тіптен, ашуға булықты. Болашақ ұрпақтың теңгесіне қол сұғуды доғарыңдар деп сөкті.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуды доғару керек. Қазір оны еліміздің барлық ата-аналары мен балалары қадағалап отырҰлттық қорға арқа сүйеудің де шегі бар. Президент айтқандай, «Ұлттық қор – балаларға!».

Осындай былықтың ішінде отырсақ та құйтырқы әрекет тыйылмапты. Биыл Үкімет Парламенттің қатысуынсыз бюджетке 9 рет түзету енгізген. Бұл президенттің қоғамдық бақылау тұжырымына мүлде сәйкес келмейді. Министрлер білгенін істеп жүр деген депутаттардың басшыларға өкпесі қара қазандай.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Өздеріңіз қожа, өздеріңіз би – рақат! Сол өзгерістер аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгерістер енгізілген. Ең негізгісі, түзетулер арқылы көп шығын қайта қаралған. Сол өзгерістер бойынша биыл қандай шығындар қысқарылды? Олардың қаншасы инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты. Ертең осы қысқарған бағдарламаларды бюджетке қайтадан депутаттарға кіргіз деп өтініш жасамасйыздар ма?

Бұл сұраққа вице-премьер – ұлттық экономика министір Нұрлан Байбазаров жауап бердІ. Сөйтсек Үкімет бюджетке 9 емес, 10 рет түзету енгізген екен. Осы кезде сөзге төменгі палата төрағасы Ерлан Қошанов араласып, Байбазаровтың ерлік жасағандай әңгіме айтуын сөкті.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сіз 10 рет өзгерту жасадық деп «ерлік жасағандай» айтып отырсыз. Депутаттың айтқаны дұрыс. Ай сайын бюджетке бір өзгеріс енгізіліп отырған. Яғни, бюджеттік тәртіптің ақсап тұрғанын көрсетіп отыр.

Қысқасы депутаттардың бүгінгі ашуы қатты. Қабағы түйілген мәжілісмендер ешкімді аяп жатқан жоқ. Жан-жақтан сауал жолдап, сауатты жауап бергендерді саусақпен санап отырды. Тіпті, ауырып тұрған өнеркәсіп және құрылыс министрі Шарлапаевқа да аяушылық танытпады. Министр дауысы қарылса да кем-кетігіне өзі жауап берді.

2009 жылдан бастап Үкімет үш жылдық жоспарлауға көшті. Бірақ әлі күнге дейін ең болмағанда бір жылдықты үйренбеген. Бұл - жоғарыда айтқан барлық проблеманың басы. Осылай деген депутаттар сөздерін «шенеуніктер дұрыс талдау жасамай мәселе реттелмейді» деп түйіндеді.