Қазақстан - «астық державасы». Осылай жаһанға жар салғанда мықтымыз. Бірақ сол астықты ала жаздай маңдай термен жинайтын диқандарға қолдау жоқ. Депутат Мақсат Толықбай осылай деді. Үкімет жақында субсидия енді астықты Қара теңіз бен Балтық теңізіндегі порттарға жеткізетін санаулы экспорттаушыға ғана берілетінін айтты. Ал қалған шаруаның шаруасы шатқаяқтап қалады-ау деп бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Депутат осы мәселені шешу үшін отандық шаруаларды қолдаудың дұрыс тетігін табуды ұсынды.
МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Орталық Азия мен Қытай нарығы жыл сайын қосымша 2 миллион тоннаға дейін дайын өнімді қабылдауға дайын. Бұл дегеніміз, шикізат түрінде 5 миллион тонна астықты сатқаннан түсетін кіріспен тең. Сондай-ақ, ет, сүт, жұмыртқа бағасының 70 пайызы жем-шөптің құнына тәуелді. Субсидияны астықты өңдегендерге көбірек берсек, фермерлер арзан жем-шөптен таршылық көрмейтін еді. Қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады.