Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстау облысының әкімі аудан халқымен кездесті

Маңғыстау халқының өмір сүру деңгейі көтеріліп келеді. Қазір Мұнайлы ауданынында жолдар салынып, жаңа мектептер ел игілігіне берілуде. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы халыққа есеп беру кезінде айтты. Аудандағы өзге де жағымды жаңалықтар туралы тілшіміз жалғастырады. 

Облыс әкімінің кездесуін аудан тұрғындары көптен бері күтті. Мәдени орталыққа жиылған жұрт түрлі мәселені көтерді. Халықтың дені ауыз су, көгілдір отынның жайын айтты.

БАҚТЫГҮЛ ХОДЖАЕВА, МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түс қайта уже суды тоқтатып тастайды бізге. Мен өзім 5-этажда тұрамын. Көпбалалы анамын. Су маған дейін келмейді, напор жоқ. Үйімде тамшы су жоқ. Соған бола әкімге келіп, өз өтінішімді айтайын деп тұрмын.

Мұнайлы - облыстағы ең үлкен аудан. Халық тығыз орналасқан аумақта тұрғындардың тұрмысы жақсарып келеді, дейді мемлекеттік қызметкерлер. Ауданда үш ауысымды оқуды жою үшін 5 мектеп салынған. Биыл Басқұдық пен Қызылтөбедегі 3 білім ошағы оқушыларға есігін айқара ашты. Келесі жылы 2 мектеп пайдалануға берілмек.

ӘЛІБЕК ӨТЕГЕНОВ, МҰНАЙЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ауданда үш «Жайлы мектептің» құрылысы жүргізіліп жатыр. Маңғыстау-3 тұрғын үй массивінен 900 орындық, Батыр ауылдық округінен, "Самал" және "Қазар" шағын аудандарынан 1200 орындық мектептің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін "Қазар" шағын ауданындағы 1200 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 2 мектеп келесі жылдың бірінші кварталында іске қосылатын болады.

Ауданда инфрақұрылым мен әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. 11 тас жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың өтініші бойынша Қызылтөбе, Баянды, Атамекен және Батыр ауылдарын аудан орталығымен байланыстыратын 4 ауданішілік бағыт іске қосылды. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еркін жүріп-тұруы үшін инватакси қызметі де енгізілген.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Мұнайлы ауданының ауруханасы бар ғой. Сол бұйырса, әкімдеріңіз айтып кеткендей, жылдың аяғына дейін құрылысы бітеді. Наурыз айларында оны іске қосуымыз керек. Бұл мәселе Президентіміздің тікелей бақылауында тұр, 150 орындық аурухана деген.

Игі істер жыл соңына дейін жалғаспақ. Биыл ауданда кезекте тұрған 191 адам пәтер кілтін алады. Бұл жағымды жаңалық халықты қуантты.