Русский Сайттың толық нұсқасы

Қайыршылықты кәсіп қылғандар көбейіп барады

Қайыршы болып, алақан жайсаңыз 400 мың теңге айыппұл арқалайсың. Шошып кетпеңіз, бұл біздегі жазалау емес. Шетелдіктер осындай шектеу қойған. Ал елімізде "жолға жетпей тұр еді немесе нанға ақша беріңізші" деп тіленетіндер аз емес. Осындай өтінішпен келген жанды көрмегендер кемде-кем. Ол адам расымен мұқтаж ба, әлде табыс көзіне айналдырғандар ма? Тіпті жиған ақшасына ішімдік ішеді дейтіндер бар. Еркелді Тілеуқұл қайыршы кейпіне еніп көрді. 

Бұрын көшеде қайыр тілеп шығу тегі Үндістанға байланысты белгілі ұлттың шаруасы деген пікір басым еді. Алайда, түрлі өтінішпен адамдардан көмек сұрап, тіпті, банк қосымшасындағы нөмірі жазылған қағазбен келетіндердің саны көбейген. Қайыршылық күнкөрістің соңғы аялдамасы дейтінбіз. Сөйтсек, табыс көзіне айналдырып алғандар жетеді екен. Бұл тұжырымды тексеру үшін қайыр сұрап көрдім.

Көргендеріңіздей көпшіліктің қолы ашық. Қиналған жанға қолдан келгенше көмек көрсетеді. Жас жігітке жат әдет деп ақыл айтқандар болды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жаңа бір еркек отыр сақалы бар. Жұмыс істейтін тәрізді. Істеуге болады. Қайыр сұрап отыр. Берген жоқпын.
- Ішетіндерге көмектеспеймін. Тек мүгедек жандарға.
- Бермейпмін негізі. Бірақ, тамақ алып бере аламын.

Өзінде бола тұра қайыр сұрау - харам. Ал тепсе темір үзетін жігіттердікі тіпті ерсі. Діни басқармадағылар қарызданып болса кәсіп бастаған жөн дейді. Одан қалды қазір екі қолға бір күрек табылмайды дегенге ешкім сенбейді. Әсіресе, үлкен қалаларда жұмысшы таппай жүрген мекеме көп.

МАҚСАТБЕК ҚАЙЫРҒАЛИЕВ, ҚМДБ «ЗЕКЕТ ЖӘНЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ» ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазір осыны, өкінішке қарай, кәсіпке айналдырып алған, табыс табудың оңай жолына айналдырған, өмірге салғырт қарайтын кейбір адамдар пайда болды және олардың саны күн сайын артып келе жатыр. Ислам діні осыған қатты наразылығын білдіреді. Өйткені, адам баласы, жалпы, тіленіп жүру – үметті, жалпы, қоғамды жұмыс істемеуге және азғындыққа апаратын жол. Өйткені, жеңіл табылған ақша дұрыс емес нәрселерге жұмсалады, әдетте.

Заңда қайыршылық деп жазылған нақты бап жоқ. Десе де, қайыршылардың қаптап кетуіне қылмыстық кодексті кінәламау керек дейді, - заңгер Жандос Тұяқов. Маман, Отто Фон Бисмарктың айтқан: «Жұмыс істемейтін жақсы заңнан қарағанда, орындалатын нашар заң жақсы», - деп айтқан нақыл сөзін мысал ретінде келтірді.

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Көше, сауда орталықтарының барлығы қоғамдық орынға жатады. Сондықтан, әкімшілік кодексінің 449 бабында бұл мәселе қарастырылған. Нақты қайыр тілеу деп көрсетілмеген. Бірақ, басқа адамдарға орысша айтқанда, «Приставание» тиісу, мазасын алу, өтініш білдіру арқылы қайыршылықпен айналысу деген бар. Ол үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған.

Қайыршылармен күреске еуропалықтар білек сыбана кіріскен. Әсіресе, Еуропалық Одақ елдерінде заң қатал. Италияда туристік көп келетін жерде қайыр тілегені үшін 25 Еуродан 500 Еуроға дейін айыппұл арқалайды. Ал, Германияда ең төменгі айыппұлдың өзі 750 Еуродан басталады. Дегенмен, Швеция мен Швейцарияда заңды түрде тіркеліп, осылай нәпақа табуға болады.