Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде (ББТ) тұрған азаматтар букмекерлік кеңселерге аударылған қаражаттарын қайтарып ала алады деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Комитет 15 қарашада таратқан баспасөз релизін кейбір БАҚ және әлеуметтік желі қолданушылары қате түсінгенін алға тартты.
“Комитет бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарады және түсіндіреді.
"Ойын бизнесі туралы" заңның 15-бабы, 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, ББТ-да тіркелген азаматтарға құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға толық тыйым салынған. Егер құмар ойындарға немесе бәс тігуге заңсыз қатысу анықталса, ойын бизнесін ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда, бұл әкімшілік шаралар аударылған ақшаны мәжбүрлеп қайтаруды қарастырмайды”, -деді ведомство.
Комитет букмекерлік кеңселердің шоттарына аударылған қаражаттарды қайтарумен айналыспайтынын және мұндай қызмет көрсетуге уәкілетті емес екенін жеткізді.
“Егер қаражатты қайтаруға қатысты даулар туындаса, азаматтарға сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну, азаматтық кодекстің 9-бабына сәйкес, сотқа шағымдану ұсынылады.
Азаматтарға тек лицензияланған букмекерлік кеңселердің ресми сайттарында тіркелуге кеңес беріледі. Лицензияланған кеңселердің тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады”, – делінген хабарламада.