Әлеуметтік желіде Астанадағы тұрғын үй кешенінің бірінде ер адамның лифтте жасөспірімге шабуыл жасаған видеосы тарады. Оқыс жағдай 28 қараша күні Сәтбаев 31 мекен жайындағы үйде сағат 22:10 шамасында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жасөспірімнің анасы Zhaloby.astana парақшасына жазба жариялады. Оның айтуынша, видеодағы ер адам алкогольдік мас күйде немесе есірткі қолданған болуы мүмкін.
“Менің 15 жастағы баламды өлтіремін деп қорқытып, оны балағаттаған. Соңында тіпті қылқындырмақ болды. Лифттің есігін жауып шығармай қойған. Күш көрсетіп, қолын қайырып, саусақтарын майыстырған. Адамдар бұл адамның қоғамға қауіп төндіретінін білсе екен деймін”, – деп жазды әйел.
Оның айтуынша, ер адам полция қызметкерлеріне де қарсылық көрсетіп, күйеуін балағаттаған.
“Мен соңына дейін барамын. Әзірге оны 10 тәулікке қамады”, – дейді жасөспірімнің анасы.
Stan.kz тілшісі Астана полиция департаментінен болған жағдайға қатысты сұрау салды.
“Аталған факті бойынша құқық бұзушы анықталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу қорытындысы бойынша заңға сәйкес шаралар қолданылады”, – деп мәлімдеді Астана полициясы.