Русский Сайттың толық нұсқасы

Ғалымдар отандық жылқы тұқымын асылдандыруды қолға алды

Қазақстанда отандық жылқы тұқымын асылдандыруды қолға алмақ. Бұл туралы бүгін Ақтөбеде өткен ғылыми конференцияда мәлімдеді. Бұл мақсатта арнайы ғылыми зерттеу институты құрылды, енді отандық ғалымдар қазақ жылқысын жіті зерттеп, оларды асылдандыруды, текті жылқының гендік кодын сақтап қалуды қолға алмақ. 

Қазақстанда төрт миллионнан астам жылқы бар, оның тек бір пайызы асылтұқымды саналады. Қазақ даласында Жабы жылқы, Көшім, Мұғалжар, Қостанай және спорттық бағыттағы Адай жылқысы бар. Биылдан бастап елімізде осы отандық жылқыны жетілдіру, асылтұқымды жылқыларды сақтап қалу мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Ақтөбе жерінде жылқы шаруашылығын зерттейтін ғылыми институт құрылып, өз жұмысын бастады.

ӘЛІБЕК БАЗАРҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕМШӨП ӨНДІРУ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ең өзекті проблема Қостанай жылқысы қазір құрып кету алдында тұр. Соны қалайда сақтап қалу және жаңадан өзіміздің баяғы ата-бабаларымыз аттың тұяғымен қорғаған ғой. Сол ата-бабалар мінген аттарды болашақ ұрпаққа көрсетеміз деген ғалымдар жұмыс жасайын деп жатыр.

Жалпы ғылыми институт жанынан арнайы ветеринарлық клиника, зертхана жұмыс жасайды деген жоспар бар. Сондай-ақ болашақта ғылыми мамандар тарту арқылы асылтұқымды жылқыларды қолдан ұрықтандыру мәселесі де шешілетін болады. Бүгіннің өзінде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр.

ҚАЗЫБЕК ӘЛІШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Асылтұқымды жылқының айғырлығын сатып алу кезінде 100 мың теңге субсидия бар. Бұл ет, сүтті жылқы бағытында сонымен қатар отандық спорттық жылқылардың асылдандыру бағдарламасы аясында нақты Қостанай тұқымына байланысты айғырлығын аталығын сатып алу кезінде де мемлекеттік қолдау бар.

Әсіресе ғалымдар осы текті асылтұқымды жылқыларды зерттеуге көңіл бөлмек. Ол үшін жер-жерден білікті мамандар жұмылдырылатын болады.