Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-ға дейін көтерді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 14,25% деңгейінде еді. Ұлттық банк инфляция тәуекелдері балансын бағалай отырып осындай шешімге келген. Ведомствоның айтуынша, қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызға дейін өскен. Бұған халықаралық нарықта азық-түлік бағасының қымбаттауы, доллар бағамының құбылмалығы мен Ресейдегі инфляция әсер етті. Жаңа болжамға сәйкес, келер жылы инфляция 6,5-8,5% деңгейінде болмақ.
ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Өздеріңіз көріп отырсыздар, сыртқы және ішкі факторлар өзгеріп жатыр. Сондықтан да келесі жылы инфляция деңгейін жоспарға сәйкес 4 пайызға жеткізу – мүмкін емес. Оны мойындауымыз керек. Өйткені доллардың бағамы мен күші құбылып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, базалық мөлшерлеменің өсуі халықтың несие алу мүмкіндігіне шектеу қояды. Себебі алдағы уақытта несие қымбаттайды. Бұдан өзге инвестициялық тартымдылықтың төмендеуіне алып келеді.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
Екінші деңгейлі банктердің несиелік ставкасы көтеріледі. Халық, біріншіден, тұтынушылық несие алу мүмкіндігінен айырылады. Ипотекадан айырылады. Үшіншіден, жалпы бизнеске берілетін несиелер де қымбаттайды. Бұл экономиканы итеруге, қолдауға кері әсерін тигізеді.