Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде ақылы автотұрақтарда тегін тұру уақыты ұзартылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2024
  • 125

Мәжілісте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу мәселесі қаралып жатыр

Елімізде ақылы автотұрақтың ақысын төлемей кеткен жүргізушілерге енді айыппұл салынбауы мүмкін. Мәжілісте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мәжіліс депутаттары әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіп, ақылы тұрақтардан түсетін ақшаның 75 пайызын алып отырған жеке мемлекеттік серіктестерге жауапкершілікті арттырмақ. 

"Заң қабылданып күшіне енетін болса, ақылы автотұраққа көлігін қойған азамат төлемей кетіп қалса, әр компания әр азаматтың Сіздің, менің артымнан әкімшілік сотқа барып жүгінуге мәжбүр болады. "Әр 100 теңге үшін қажет пе, соттасыңдар?" дедік, болды", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Елордада 7216 ақылы автотұрақ бар. 2018 жылғы келісімшарт бойынша олардың саны 10 мыңға жеткізіледі. Ақылы автотұрақ артқанымен, қала бюджеті айтарлықтай көбеймей тұр. Өйткені, ақшаның тек 25 пайызы ғана қала бюджетіне түсіпті. Мәселен 1 жылда Астана халқы ақылы тұрақтарға 250 миллион теңгеден астам қаражат төлеген. Бұл мәселе депутат Нартай Сәрсенғалиевті алаңдатып отыр. Халық қалаулысы қаржының толық мемлекетке түспей, жеке компанияларға кеткенін құптамайды.

"Түскен қаржы 100 пайыз бюджетке түссін. Міне, мәселе қайда жатыр? Тегін жатқан, ауада тұрған қаражаттан айырылып жатырмыз. Бұл былай қарағанда жекеменшік лоббилық тұрғыда қандай да бір компаниялардың мүддесін қорғау деп білемін. Сондықтан осы мәселемен күресуіміз қажет деп ойлаймын", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Ал жергілікті билікті бұл мәселе айтарлықтай алаңдатпайтын сияқты. Өйткені жобаның басты мақсаты – қала бюджетін толтыру емес, жол қозғалысының трафигін реттеу деп отыр. Сондай-ақ ақылы автотұрақтардың күтіміне әкімдік қана жауапты. Жеке серіктестіктің міндетіне тұрақ орындарына ақпараттық белгілерді ілу, арнайы жолақтарды сызу, сондай-ақ ереже бұзған көліктерді анықтау жұмыстары кіреді. Әкімдік өкілі бұның себебін былай деп түсіндірді.

"Ақылы автотұрақтардың орналасқан жерлері коммуналдық меншік әкімдіктің меншігінде болғандықтан, оны күтіп-баптау, яғни асфальт төсемдерін төсеу, тағы да басқа қарын тазалау сияқты міндеттемелер әкімшіліктің мойнында. Сол себепті өзінің ауласын тазалауға әкімшілік міндетті. Жердің меншік иесі әкімдік болып саналады", – деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Күмісбеков.

Депутат Нартай Аралбайұлы автотұрақтардағы қауіпсіздікке де ден қою керек деген пікірде. Айтуынша, тұрақта тұрған көлігіңді біреу сырып кетсе әкімдік те, жеке компания да жауапкершілікті алмайды, тек қаржыны қалтаға басуды біледі.

Депутаттың ақылы автотұрақтарға қатысты сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жауап берген. Роман Скляр ақылы автотұрақтарда тегін тұру уақытын 30 минутқа ұзарту, автотұрақтың ақшасын алып отырған жеке компанияларға аумақты күтіп ұстауды міндеттеу және негізгі ереженің бәрін мемлекеттік орган жазу керек деген талаптарды орындауға келісті.