Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлытау облысында досын өлтірген ер адам 8 жылға сотталды

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2024
  • 252
Ұлытау облысында танысына пышақ сұғып, оның өліміне себепкер болған ер адамға сот үкімі шықты. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан «Абылай» шаруа қожалығының аумағында болған. Мұнда сотталушы Т. мен марқұм А. жұмыс барысымен тұрып жатқан. Олар спирттік ішімдік ішкен кезде сөзге келіп, араларында жанжал шыққан.
«Сол сәтте марқұм А. сотталушы Т.-ның ескертуін қорлау ретінде қабылдап, қолындағы пышақпен оның бетіне бірнеше жарақат салған. Осыдан кейін Т. ашуға булығып, А.-ның қолындағы пышақты тартып алып, оны өзіне қарсы қолданған. Ол пышақпен А.-ның оң жақ иығына бір рет ұрған. Жәбірленуші Жезқазған қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан қайтыс болған», — деп жазылған хабарламада.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Оған тағылған айып толық дәлелденді.
«Сот үкімінде жеңілдететін жағдайлар ретінде сотталушының кінәні толық мойындауы және жасаған әрекетіне өкініш білдіруі ескерілді. Ауырлататын жағдай ретінде алкогольдік мас күйінде қылмыс жасау фактісі ескерілді», – деп хабарлады Ұлытау облысы сотының баспасөз қызметі.
Соттың үкіміне сәйкес, Т. Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтеу жазасына кесілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.