Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада «Алтын күн» VII балалар патриоттық әндер фестивалі өтті

Елордада «Алтын күн» 7-балалар патриоттық әндер фестивалі өтті. Шара жыл сайын қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткізіледі. Байқауға 6 жастан 16 жасқа дейінгі этномәдени бірлестік ұжымдарының мүшелері мен мектеп оқушылары қатысты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Балалар өнерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған кешті әріптесім тамашалап қайтты. Сюжет көріңіз.

«Алтын күн» патриоттық әндер кеші жыл сайын өтеді. Онда балалар шығармашылық бойынша бақ сынап, өнерлерін ортаға салады. Жетінші рет өткізілген шараға қатысушылар тас-түйін дайындалып келген. Айтатын әндерінен бастап, киім үлгілеріне дейін ерекше назар аударыпты.

Қатысушыларды бағалау бірнеше критерий бойынша жүргізілді. Қазылар алқасы өнерпаздардың сахналық сөйлеуіне, костюм, мінез-құлық және дауысына ерекше мән берді.

ШАМШАД АЙЫМБЕТОВ, ҚХА ҚАРАҚАЛПАҚ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МУЗЫКАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

Балалар арасында патриоттық ән айту бойынша конкурс өтіп жатыр. Бұл үлкен мейрам деймін. Себебі балалардың осы конкурс арқылы талантты балалар көзге көрінеді, сахнаға шығады, өзінің күшін сынап көреді. Келешекте олардан күшті жұлдыздар шығады деп ойлаймын. Менің ойымша керекті конкурс. Екінші жағынан бұл жастарымызды патриоттық, өз Отанында патриот болуға тәрбиелейді. Сондай маңызды конкурс деп ойлаймын.

Шараның негізгі мақсаты - патриоттық тәрбиені насихаттап, дарынды балаларға қолдау білдіру. Сондай-ақ патриоттық ән жанрын насихаттау, дейді ұйымдастырушылар. Оған қалалық этномәдени бірлестіктердің және «Бақытты шаңырақ» сияқты қоғамдық қорлардың балалары қатысты.

ХАНИФА МАЦИЕВА, «ВАЙНАХ» АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

Бүгін «Алтын күн» байқауы жетінші рет өтіп жатыр. Біздің ұжым үнемі бұл байқауғ қатысады. Шараның пайда болған кезінен бастап басы-қасында жүрміз. Ол кезде біз арнайы патриоттық әндер орындалсын деп ойластырдық. Балалар Отанын сүйіп өссін, туған жеріне деген сүйіспеншілігі артсын деген мақсат болды. Кейін атауын «Алтын күн» деп өзгерттік. Әр жыл сайын қатысушылар саны артып жатыр. Қазір байқауға тек Ассамблея мүшелері ғана емес, музыкалық, жеке мектептердің оқушылары қатысады.

«Алтын күн» – бұл қатысушыларға өздерінің шығармашылық әлеуетін ашуға көмектесетін ерекше жоба. Жас буынның патриоттық сана-сезімін қалыптастырып қана қоймай, шығармашылық қабілетін дамытады. Байқаудың өткен жылғы жеңімпазы осылай дейді. Алина биыл да өнерпаздарға қолдау көрсетуге келген. Ол бұл шараның жөні бөлек екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.

АЛИНА БЕКМАҒАМБЕТОВА, «АЛТЫН КҮН» VI БАЛАЛАР ПАТРИОТТЫҚ ӘНДЕР ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Конкуреттер өте жақсы болды. Керемет айтты. Жюрилер де жақсы бағалады. Мен «Ақ көгершін», «Жан достар» сияықты бйқауларға қатысып, 1, 2, 3 орындар алдым. Басында 3 орындар алдым. Сонда да қобалжымай, алдыға жүрдім.

Биылғы қатысушылар да осал емес. Олардың барлығы алдын-ала іріктеуден өткен. Байқау үш жас санаты бойынша ұйымдастырылды. Бірінші - 6-10 жас, екінші - 11-13 жас және үшінші топ бойынша 14-16 жас аралығындағы балалар бақ сынады. Жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталады.

Бұл шарадан кейін жеңімпаздар басқа да байқауларға қатысуға мүмкіндік алады.