Русский Сайттың толық нұсқасы

Министрлердің ұйқысын ұрлаған кім?

Министрлер ұйқтай алмай жүр. Басшылардың мезгілсіз уайымы көп. Әсіресе, оқу-ағарту министрі түнгі 11-ге дейін көз ілуді армандамаймын да дейді. Бейсембаевтың беймезгіл уақытта басын қатыратын не мәселе? Министрлердің мазасын алып жүрген кім? Әріптесім Аружан Задабек шенеуніктерге ұйқыашар істеп келген екен. Әрі қарай өзі баяндасын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Өзім ұйқымды әрең ашып, жиналысқа қиналып жетіп едім. Министрлердің өзі дұрыс демалмайтынын естіп, бірден есімді жиып алдым. Түн ұйқысы төрт бөлінетін басшылар басы ауырса да үкімет отырысына қатысты. Шенеуніктер үшін жастыққа басы тие сала қор ете қалу арман екен. «Осы министрлер не істеп отыр?» дегендерге жауап болсын, олар уақытпен санаспай іс тындырады. Рас-өтірігі қайдам, өздерінің айтқаны осы.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Сәл көз ілмей, кеш жатсақ болды түріміз қашып, әбіржитінім рас. Ал, министрлер жып-жинақы. Сырт келбеттеріне қарап «респект» деуден басқа сөз таппайсың. Бейсембаев ұйқтамай ауыл мектептерін уайымдап жүр-ау деп топшыладық. Елдегі 8 мыңға жуық мектептің 5 мыңнан астамы елді мекендерде орналасқан. Яғни, оқушылардың 40 проценті шалғайда білім алып жүр.

БОЛАТ ЖӘМІШЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Біз оқытудың тиімділігін арттыру үшін үш салада шағын жинақты мектептерді жабдықтауға қатысуға дайынбыз. Біздің Қор осы бастамаларды құптайды және Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында жобаны кеңейтуге қатысуға дайын. Облыс әкімдері бұл туралы біледі, біз оны талқылап жатырмыз.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Үш ауысымды, апатты мектептердің басым бөлігі ауылда орналасқан. Әсіресе, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облысында қирағалы тұрған ғимарат көп. Енді өзіңіз ойланыңыз. Осыдан кейін министр қалай көз ілсін?

АСХАТ ШАХАРОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облыстағы 434 мектептің 280-і ауыл мектебі болса, оының 201-і шағын жинақты. Соңғы үш жылда 1030 орынға арналған 8 ауыл мектебі қолданысқа берілді. Қазіргі таңда жеті ауылда 6,9 млрд теңгеге 800 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Интернет пен әжетхананың жыры бір бөлек. Балалар қақаған қыста дірдектеп сыртқа шығады. Бұл мәселе жылда көтерілсе де, бір шешімін таппай-ақ қойды. Биыл 10 білім ошағындағы оқушылар тағы осы проблемамен бетпе-бет келмек.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Елімізде тек 10 мектептің дәретханасы ішке кіргізілмеген. Бұл мәселе де толықтай шешімін тапты. Дей тұрғанмен менің қолымдағы ақпарат бойынша әлі де біраз мектепте ішкі дәретхана мен сыртқы дәретхана сақталып отыр. Әкімдердің уәжіне қарағанда, екі дәретханының бірінде ерекше жағдайлар болған кезде бірін-бірі алмастыра тұрады. Сондықтан әзірге қалдыра тұруды сұрап отыр.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Білім деңгейі туралы жақ ашуға да қорқамыз. Қаламен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Тіпті, кей ата-аналар осыны байқап баласының болашағы үшін қалаға қамданады. Осыдан кейін келіп ауылда адам қалмады деп дүрлігуімз қаншалықты орынды? Мәселенің түбі осыда екенін аңғарсақ та, тек «бәрі жақсы» деп жылы жауып қоюға құмармыз. Мұны Үкімет басшысының өзі шегеледі.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бұл ең басты мәселе – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы оқыту сапасының алшақтығына алып келді. Аталған проблемалардың шешімін табу үшін ұсынылған жоба іске асырылып, басқа да бірқатар шаралар қабылдануда.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Бізде ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы бар. Соның шеңберінде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Әрине, ұрпақ үшін инвестиция құйылса қуанамыз. Енді тек сапаға мән беруді үйренсек, тіпті, тамаша болар ма еді?!