Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы инватакси дауы оңымен шешілді

Оралдық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бас ауруына айналған инватакси дауы оңымен шешілді. Айта кетейік, мердігер мекеменің құжатынан шикілік шығып, жүріс-тұрысы қиындаған қамкөңіл жандар жаяу қалған еді. Бұған экономикалық соттың шешімі себеп болыпты. Бірақ бұл іске жергілікті әкімдік араласып, мұң-мұқтажына құлақ түрді. Осылайша даулы мәселе сәтімен шешімін тауып, арнайы көліктің қызметі қайтадан жанданды. Енді ерекше күтімге зәру жандардың жағдайын жеңілдету үшін келер жылы бұл салаға өзгерістер енгізілмек.

700-ге жуық оралдық мүгедек осыған дейін балабақша, мектеп, аурухана мен жұмысына арнайы көлікпен тегін қатынаған еді. Бірақ бір күнде солардың бәрі жаяу қалды. Амалы таусылған кембағал жандар көмек сұрап, әкімдікке жүгінді.

ЛУНАРА ЗАРИШ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бәріміз машинасыз қалып қойдық. Оның ішінде эпилепсиктер бар, дауна бар, көзі көрмейтіндер бар, колясочниктер бар, бәріміз ешқайда бара алмай отырмыз. Мен деген мүгедек баланың анасымын, 9 жаста. Өзімнің үйімде 3 мүгедек бар, сонда мен олармен қалай істеуім керекпін?

Шенеуніктер тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіп, мүгедектердің көліксіз қалмайтынына сендірді.

АЙГҮЛ НИГИМОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Мердігер мекеменің құжаттарынан шикілік табылып, кезінде сот оның жұмысына шектеу салған. Бұдан кейін бұл іске мамандандырылған экономикалық сот араласып, осыған дейінгі шешімнің күшін жойды. Осылайша арадағы уағдаластық бойынша инватакси өз жұмысын қайта жалғастырды.

Қазір арнайы көлік қызметі уақытылы жұмыс істеп тұр. Бірақ келер жылдан бастап, бұл қызмет түрі өзгеруі мүмкін. Сала мамандары мұны мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жеңілдетуге байланысты деп түсіндірді.