Русский Сайттың толық нұсқасы

Әл-Фараби даңғылынан жоғары биік үйлердің құрылысы қарқын алған

  • AstanaTV
  • 16 мамыр 2017
  • 2990

Алматының Әл-Фараби даңғылынан жоғары тауға жақын орналасқан аумағында биік ғимараттар салу жалғасып жатыр. Қапырық ауадан тынысы тарылып, құрылыс жұмыстарынан мазасы қашқан жұртшылық осылай деп дүрлікті. Жұрт былтыр биік нысан салуға тыйым салатын әкімдік қаулысының орындалмай жатқанын айтып ашынды. Айгүл Ермахан тараптарды тыңдады.

Бұл - Әл-Фараби даңғылынан жоғары Фурманов пен Қажымұқан көшесі қиылысындағы жер асты паркингы бар тұрғын үй қоғамдық іскерлік орталығы. Қазір 7 қабатты ғимараттың құрылысы қызу жүріп жатыр. Биік нысан алдымен Алатаудың әдемі көрінісін жауып, осы маңайда тұратын жұртшылықтың тынысын тарылтқан. Осылай деген алматылықтар әкім қаулысының орындалмай жатқанына наразы.

Алмабек Шылауов, қала тұрғыны:

Ауа деген әрі-бері жүріп тұру керек. Ол ауа бір жерде тарылып, жүрмей қалады. Қапырық. Жоғары жақтан мусор тастаған. Соны біз көріп қойып, айқайлап ұрыстық. Содан кейін ғана қойды. Жоғары этаждағы мусорды балконның шетінен шығарады да, тачкамен әкеліп төмен қарай лақтырады.

Гүлмира Туғанбаева, қала тұрғыны:

Осы маңайда жұмыс істеймін. Биік ғимараттың құрылысы басталғалы әдемі табиғатты тамашалаудан қалдық.  Құрылысты тоқтату туралы қаулы шықты ма, демек, заң бәріне бірдей болуы қажет емес пе?!

Бұл тұрғын құрылысты «РАМС - Казахстан» ЖШС жүргізіп жатыр. Олар, 7 қабатты нысанды тұрғызуға жергілікті билік рұқсат етті, деп отыр.

Это все до указа было. Все по закону.

Бұл қаланың бас жосапарына енгізілген жоба көрінеді. Сондықтан құрылысқа рұқсат берілген.

Бақыт Әбділов, Алматы қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы:

Қажымұқан көшесіндегі салынып жатқан «Ile de France» тұрғын үй кешені - қалалық генеральный планға өзгеріс енгізбей тұрып бекітілген жоба. Сондықтан сол жобаның негізінде салынып жатқан. Іске асқан жоба аяқталуы тиіс. Қаулы шыққалы бері жаңағыдай үш қабаттан жоғары ғимараттар салынған емес. Салуға жол берілмейді. 

7 қабатты нысандағы құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілмесе, қоқыс лақтырғыштарға жүз айлық көрсеткіштен бес жүз айлық көрсеткішке дейін айыппұл салынбақ. Әкімдік өкілдері ол үшін құрылыс объектілеріне рейдке шығатындарын жеткізді.

Айгүл Ермахан, тілші:

Әл-Фараби даңғылының таулы аумағында биік үйлер тұрғызуға тыйым салуды былтыр президент айтқан еді. Одан соң ғимарат биіктігі 12 метрден аспау керек деген әкім қаулысы шықты. Сол кезде қаңқасы көтерілген 5 қабатты нысанның үстіңгі екі қабаты сүрілді. Құжаты дұрыс болмағандықтан, 20 нысан да жермен жексен болған еді. Дегенмен, заңгерлер, заңға өзгеріс енгізілмесе, қаулымен биік үйлердің тұрғызылуына тыйым салу мүмкін емес, деп отыр.

Айгүл ЕРМАХАН