Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жеңіс» жобасы аясында жастар ҰОС және тыл ардагерлеріне көмек қолын созып келеді

  • AstanaTV
  • 16 мамыр 2017
  • 4924

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көмек қолын созу мақсатында құрылған «Жеңіс» жобасы еліміздің 22 қаласын қамтып, 50 мыңға жуық соғыс және тыл ардагерлеріне көмек қолын созып үлгерген.

Аталмыш жоба "Самұрық-Қазына Траст" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы жүзеге асып келеді. Онда еріктілерден құрылған топ көмекке мұқтаж ардагерлердің хәлін біліп, қажет жағдайда көмекші болып келе жатыр. Өтініш бойынша жұмыс істейтін топ "ардагерлерге көбінде қарапайым көңіл бөлінбейтіні көңіліне кірбің ұялатады" дейді. Осы олқылықты жою мақсатында олар тіпті сауда орталықтарында фотосессия ұйымдастырып, оларға арнап концерттер де қойған.

Амантай Бейниязова, ҰОС ардагерінің жары, тыл ардагері:

Біздің көргенімізді көрмеңдер. Соғыс кезінде қалай көрдік біз, аяғымыз жара -жара, қан ағып жүретін, жейтініміз таңертең бір қасық бидай, кешке дейін сонымен жүретінбіз. Тілейтінім елге тыныштық, амандық болсын.

Салтанат Хамзина, «Жеңіс» жобасының үйлестірушісі:

Жоба ҰОС мен тыл ардагерлеріне арналған. Осы жоба аясында біз ардагерлерімізге барынша көмек қолын созып, оларды емханаларға тегін апарып көрсетіп, қажет болған дәрі -дәрмектерін алып береміз. Мұнан өзге үйлерін тазалап, әркез байланыста болуға тырысамыз.