Русский Сайттың толық нұсқасы

Пошта жеткізу тәртібі өзгереді

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2024
  • 183

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Пошта туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Astana TV.

Бұл құжат Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен әзірленді. Олардың қатарында депутат Екатерина Смышляева да бар.

- Пошта операторларының қызметі ел үшін үлкен стратегиялық маңызы бар. Сондықтан бүгінгі таңда пошта саласы трансформациядан өтіп жатыр. Алайда қазіргі кезде қағаз хаттарды, мерзімді басылымдарды жеткізу қызметтері азайып келеді. Осы жағдайда пошта байланысының логистикалық инфрақұрылымын жоғалтпау және дамудың оңтайлы жолдарын табу маңызды. Сондықтан заң жобасы аясында жеткізу тәртібі өзгереді. Цифрлық технологиялардың арқасында тиісті пин-код немесе QR-код болған кезде үшінші тұлғалардың поштаны қабылдап алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар бұл тауарды маркетплейстерден пошта бөлімшесіне және үйге жеткізуді жеңілдетеді, - деді Мәжіліс депутаты Е. Смышляева.

Мұнымен қоса, заң жобасында жобада сәлемдемелерді қабылдау үшін поштаматтарды орналастыру және пайдалану тәртібі ескерілген. Бұл норма оларды кондоминиум нысандарында орналастыру үшін қажет.

- Бұдан бөлек, қазір талап етілмеген кейбір әмбебап қызметтер алынып тасталады. Мысалы, пошта карталарын немесе бандерольдерді жіберу.Сондай-ақ талап етілмеген корреспонденцияны сақтау мерзімі қысқарады, - деді ол.

Оның айтуынша, пошта инфрақұрылымы бойынша ескірген нормалар алынып тасталады. Бірқатар нормалар пошта байланысы нарығын дамытуға және осы саладағы реттеушінің өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова пошта саласында цифрлық технологиялардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақ қойды.

- Заң жобасында QR-код немесе SMS арқылы поштаны алу тетіктері қарастырылып отыр. Жалпы, осы жаңа тетіктерді енгізгеннен кейін, азаматтардың жеке деректері таралып кетпей ме? Сонымен қатар алаяқтар үшін бұл жаңа тәсіл болмай ма? - деп сұрады Ж.Сүлейменова.

Өз кезегінде Екатерина Смышляева осы тәуекелдер Мәжілістегі жұмыс тобының отырысында талқыланғанын айтты.

- Енгізіліп отырған тетіктер айтарлықтай жан-жақты пысықталған. QR-код және SMS-ті пайдалану кезінде бұл іс-қимылдар пайдаланушының арнайы қосымшадағы тек «жеке кабинетінде» жүзеге асырылады. Сондықтан бұл салада қатер болмайды, - деп түсіндірді Е.Смышляева.