Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ельге импичмент жариялануы мүмкін. Бұған мемлекет басшысының енгізген әскери жағдай режимі мен Парламент ғимаратына жасаған шабуылы себеп болып отыр. Осыған байланысты еліміздің Сыртқы Істер Министрлігі мәлімдеме жасап, отандастарымызға адам көп жиналатын жерге бармауларын сұрады. Сонымен қатар, полиция мен армия тарапынан тұтқындалғандар қатарында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді. Президент пен Ұлттық жиналыс теке-тіресі неден басталды және қалай аяқталуы мүмкін. Әріптесім Еркелді Тілеуқұл тарқатады.
"Елде Солтүстік Кореялық тыңшылар қаптап кетті". Осылай деген Президент Юн Сок Ёль кенеттен елде әскери жағдай режимін жариялаған. Ол кезде барлық медиа мен мемлекеттік құрылымдар, тіпті, Парламент те әскерилердің бақылауына көшеді. Сондықтан, әскерилер Ұлттық жиналыс ғимаратын басып алып, оны қорғамақ болған депутаттармен қоян-қолтық төбелеске де барды. Ал Оңтүстік Корея заңы бойынша әскери жағдайды тек Президент пен Парламент күшін жоя алатындықтан, депутаттар халыққа үндеу жасады. Ал, оппозиция көшбасшысы Ли Дже Мённің қоршаудан секіріп түскен мынау кадры қазір бүкіл әлемді шарлады.
ЛИ ДЖЕ МЁН, ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯ КӨШБАСШЫСЫ:
Біз еліміздің болашағын, азаматтардың тыныштығы мен демократияны соңына дейін қорғаймыз. Сондықтан, дүйім жұртты Ұлттық жиналыс ғимаратына шақырамын. Дағдарыс – үлкен мүмкіндік. Әскери жағдай барлығымызды есеңгіретті. Бірақ, біз бұдан әлдеқайда күшті болып шығатынымызға сенімдімін.
Осылайша, Парламенттің қысымына шыдамаған Президент небәрі 6 сағатқа созылған әскери жағдайдың күшін жоюға мәжбүр болды. Осыған дейін Парламент 22 шенеунікті жұмыстан шеттету туралы қаулы шығарған. Көпшіліктің пікірінше, өз жақтастарынан айырылғалы жатқан мемлекет басшысы осы арқылы Парламентті таратып кек алмақшы болған.
ЮН СУК ЁЛЬ, ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұлттық жиналыс талабынан кейін әскер парламент ғимаратынан шығарылды. Мен министрлер кабинетінің отырысында әскери жағдай күшін жоямын. Алайда, Ұлттық Ассамблеядан бүкіл мемлекеттегі тіршілікті тоқтататын әрекеттерге бармауын сұраймын. Бірнеше импичмент арқылы заң мен бюджет жұмысына кедергі келтіруді тоқтату керек.
Енді кореялық депутаттар Президенттің өзіне де импичмент жаиялауды жоспарлап отыр. Болжам бойынша, процедура жұма күні басталуы мүмкін. Бұған барлық оппозициялық партиялар біріге отырып, күш жұмсамақ.
ПАК ЧАН ДЭ, КОРЕЯ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ:
Әскери жағдайдың күші жойылса да, Президентпен әлі ісіміз болады. Бүкіл ел оның мемлекетті басқара алмайтынын сауатты саясаткер еместігіне көзі жетті. Ол дереу отставкаға кетуі керек. Бұл – халықтың мандаты. Ол өз еліне опасыздық жасады.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея Парламентінде 300 орын болса, басым көпшілігі оппозициялық партиялардың үлесінде. Сондықтан, енді Президент тағдыры қыл үстінде деуге негіз бар.