Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық қордан балалардың шотына енді 120-130 доллардан түседі

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2024
  • 317

Жаңа жылдан кейін 18 жасқа толмаған балалардың шотына Ұлттық қордан 120-130 доллардан түседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, биыл 1 ақпанда 7 миллионға жуық балаға 100 доллар 52 центтен есептеп салынды.

«Бүгінде ол доллармен есептеледі. Екіншіден, ол сома қосымша инвестицияланады. Сондықтан өсіп отыр. Енді инвестициялық кіріске келсек, биыл біз 2,6 пайызбен санадық. Енді келесі жылы жалпы 3 пайызға инвестициялық өсім болады деп болжап отырмыз. Балалардың санын ескере отырып, 1 қаңтарда 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деген болжам бар. Бірақ мұны 1 ақпанға дейін күте тұрайық. Дұрыстап есептеп, айтып береміз», - деді министр Сенат отырысында.

Ал ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің ақпаратынша, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша алдын ала есепке сәйкес, биыл балаларға тиесілі сома 890 млн доллар болмақ.

«Жан басына шаққанда – әр балаға 130 доллар. Бірақ Мәди Төкешұлы айтқандай, 1 қаңтарға дейін қанша бала дүниеге келеді, нешеуі 18 жасқа толады – осының бәрін есептеп, тиісті ақпаратты жеткіземіз. Ал инфляция қорғалған, өйткені қаражат доллармен сақталып жатыр», - деді Сүлейменов.