Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясы автосақтандыру жүйесін толық реформалауды ұсынады

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2024
  • 315

Биыл елімізде 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 25 мыңнан астам адам жарақат алып, 2 мың адам қаза тапты. Осыған байланысты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныспен Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

Мәселен, биыл қазан айының соңында Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, ЖКО-да адам қайтыс болған жағдайда, оның асырауындағы адамдар болмаса, мұрагерлеріне сақтандыру төлемдері қарастырылмағанын атап өтті. Алайда, ЖКО-да қаза тапқан үй жануарлары үшін төлем қарастырылған. Халық қалаулысы мұны ашық әділетсіздік деп атап, заңнаманы дереу өзгертуге шақырды.

«Сақтандыру нарығы ширек ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан Қазақстанда қарапайым азаматтар неліктен әлі де сенімді түрде қорғалмайды? Баланың ЖКО-да қайтыс болуының да сақтандыру заңнамасы үшін ешқандай құқықтық салдары жоқ, ал ЖКО-да қаза тапқан үй жануарлары үшін сақтандыру төлемдері қарастырылған. Яғни, жануарлар үшін төлем қарастырылған, ал адамдар үшін төленбей ме? Бұл – ақылға қонымсыз әрекет», – деді ол.

Осыған байланысты, «AMANAT» партиясының фракциясы сақтандыру компанияларын асырауындағы адамдардың болуына қарамастан қаза тапқандардың барлық мұрагеріне өтемақы төлеуге міндеттеуді және төлемдердің ең жоғары сомасын ұлғайтуды ұсынды. Бүгінде ол 600 АЕК-ті (шамамен 2,2 млн теңгені) құрайды.

Жуырда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі депутаттық сауалға ресми жауап берді. Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов атап өткендей, қолданыстағы нормалар заңнамаға қайшы келмейді. Оның айтуынша, мұра қалдырушының жеке басымен тығыз байланысты құқықтар мен міндеттер мұраның құрамына кірмейді. Мұраның құрамына мұра қалдырушының тірі кезінде өзі алған құқықтар мен міндеттер ғана кіре алады.

Сонымен қатар, Агенттік сақтандыру сыйақыларын арттырмай сақтандыру төлемдерін арттыру мәселесі сақтандыру компанияларын шығынға батыратынын және оларды осы қызметтерді көрсетуден бас тартуға мәжбүр етуі мүмкін екенін атап өтті.

Тараптардың пікір қайшылығына қарамастан, депутаттар да, Үкімет те міндетті автосақтандыру жүйесіне өзгеріс енгізу қажет екенімен келісіп отыр.

Премьер-Министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында осы күні сақтандыру нарығын дамыту жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде Агенттік сақтандыру нарығына қатысушылармен бірлесіп сақтандыру шарттарының жаңа түрлерін енгізуді және сақтандыру сыйақысын есептеу кезінде жеңілдіктер мен үстемеақылар жүйесі бойынша коэффициенттерді қайта қарауды қоса алғанда, міндетті автосақтандыруды жетілдіру мәселелерін талқылап жатқанын мәлімдеді.

«AMANAT» партиясы фракциясының бастамасы бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу жұмысы неғұрлым әділ сақтандыру жүйесін құру бағытындағы маңызды қадам болмақ. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуын күшейту және тұтастай алғанда сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру мүмкін болмақ.