Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде алимент төлемейтін әйелдердің саны артып келеді

  • AstanaTV
  • 17 мамыр 2017
  • 3022

Алимент төлемейтін әйелдердің қатары артып барады. Астанада өткен жылы 37 әйел баласына ақша аударудан бас тартса, биыл олардың саны 50-ге жеткен. Құлаққа түрпідей тиетін ақпаратты Астана қалалық әділет департаментінің мамандары айтты. Олар қалалық прокуратурамен бірлесіп, «Алиментке 30 қадам» пилоттық жобасын қолға алған. Бұл арқылы баласын бағудан безгендерді заңға тартпақ. Дәуренбек Бақдәулет мамандармен бірге рейдтік шараға қатысты.

Бұл автокөлік тұрағы емес, борышкерлерден алынған көліктер. Шақыртуды оқып келген Андрей амалсыз кілті мен көлік құжатын тапсырып кетпек. Себебі 8 жыл бойы төленбеген алимент қарызы бастан асқан. 

Анастасия Новоженова, жалғызбасты ана:

Ай сайын тек 10 мың теңге беріп тұрған еді. Мен өзім еш жерге шағым жазған жоқпын. Алайда, енді әділдік орнап, маған бар қарызды қайтарып беретін болды.

Андрей Куров, борышкер:

Онда барлығы соммаға байланысты. Менде әзір ондай қыруар ақша жоқ. Өзімнің отбасым, 7 айлық ұлым бар қазір. Олар шақырды, мен келдім. Енді көлігімді алып қойды. Қарыздың орнын толтыру үшін, енді саудаға шығаратын шығар, өздері білсін.

Мұнда борышкерлерден күніне кемінде 3-4 көлік келіп қосылады. Астанада қазір 13 мың борышкер болса, оның 4 мыңы алимент төлеуден қашып жүр. Оның 50-ден астамы жүрегі қатайып кеткен нәзік жандылар. Борышкерлер берешегі 1 млрд 687 млн теңгеге жуықтапты. Қазір 100-ге жуық адам әкімшілік жазаға тартылған. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Алимент төлеуден безгендердің алдымен банк карточкалары, жүргізуші куәліктері бұғатталады. Мұнан кейін мүліктеріне де тыйым салынып, алынуы мүмкін. Бұған да қарызын қайтармаса, 2 жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық іс қозғалады.

Сот орындаушылары болса, бұл әйел ме еркек пе, баласын асыраудан безгендердің баршасының басына туатын күн дейді.

Айдана Замирова, Астана қ. әділет департаментінің  мемлекеттік сот орындаушысы:

Қазір бізде тек ер адамдар алимент төлемейді деп ойлайды. Алайда, балаларын отбасына тастап, өздері басқа отбасын құрып кетіп жатқан әйелдер де жеткілікті. Көптеген борышкерлер қазір ресми еш жерде жұмыс істемейді. Олардың алимент көлемі орта АЕК -тен есептеледі.

Ал орта айлық есептік көрсеткіш, Статистика агенттігінің ақпаратынша, 145 мың теңгені құрайды.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ