Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жарқын ауыл»: AMANAT партиясының бастамасымен Қостанай облысында жаңа жоба қолға алынды

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2024
  • 173

«AMANAT» партиясы Қостанай облысында «Жарқын ауыл» жобасын қолға алды. Ол облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауының арқасында мүмкін болды. Мұндағы мақсат – әкімдіктер, кәсіпкерлер және партия арасында үшжақты ынтымақтастық орнатып, өңірдегі ауылдарды жаңғырту. Бүгінде аталған жоба аясында аймақтағы барлық дерлік елді мекен қамтылып, инфрақұрылымды, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек», деген болатын.

Осылайша, биыл мамыр айында бастау алған жоба аясында өңірде 600-ден астам нысан іске қосылып, оған 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жыл соңына дейін тағы 98 жоба аяқталып, жалпы қаржыландыру көлемі рекордтық 15 млрд теңгеге жетпек.

Мәселен, Қамысты ауданы Алтынсарин ауылында жиһазбен және тұрмыстық техникалармен жабдықталған 5 заманауи үй салынып, 5 балалар ойын алаңы ашылды. Сондай-ақ, Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұған жалпы сомасы 350 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Бұған қоса, біркелкі стильде жаяу жүргіншілер жолы төселіп, қоршаулар жасалды. Бүгінде бұл қадам ауылдың ажарын ашып, эстетикалық көрік беруде. Тұрғындар да дән риза.

«Ауылымыз көркейіп, гүлденіп келеді. Жайлы әрі заманауи ортада өмір сүрудеміз. «Жарқын ауыл» жобасы ең алдымен ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында қолға алынғанына көз жеткіздік», – деді Алтынсарино ауылының тұрғыны Любовь Ермағамбетова.

Ал Науырзым ауданы Қожа ауылында стадионға қоршау тұрғызылса, Қараменді ауылында жаңа дәуірдің белгісіндей кіреберіс арка салынды. Аталған нысандарды жергілікті тұрғындар өңір үшін маңызды нышандарға балайды.

«Биыл Қостанай облысы Қарасу ауданына қарасты ауылдарда 12 млн. теңге сомасына қоқыс шығару, көше бойында 150 метр қоршау орнату, жолдарды күтіп ұстау және тағы басқа жұмыстар істелді. Қоршаулар, орындықтар, балалар ойын алаңы орнатылды. Оған 19 млн. теңге жұмсалды. Сондай-ақ, жаз кезінде футбол алаңы ретінде пайдалануға болатын хоккей корты салынды. Аталған жобаның жалпы құны 32 млн. теңгені құрады. Бұл жұмыстар түптеп келгенде ең алдымен ауыл тұрғындарының әл-ауқатына әсер ететіні анық. Яғни, мұндай бастамалар мемлекет үшін де, бизнес үшін де маңызды көрсеткіш саналады», – деді «Бірлік-өмір» ЖШС директоры Оразалы Өмірбеков.

Жоба аясында өңірге қарасты барлық елді мекенде орталық алаңдарды абаттандырудан бастап, жол жөндеуге және жаңа нысандар салуға дейінгі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Амангелді ауылдық округының әкімі Гаухар Жандильдинаның айтуынша, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуде бизнес өкілдерімен ынтымақтастық және тұрғындармен сындарлы диалог құрудың маңызы өте зор.

«Биыл «AMANAT»-тың өңірлік «Жарқын ауыл» жобасы аясында аудандық партия филиалы және бірқатар шаруа қожалықтарымен 195,3 млн теңгеге үшжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл қаражат ауылдық жерлерді абаттандыру, көгалдандыру және дамыту мақсатына жұмсалуда. Бүгінде жоба аясында 189,5 млн теңгенің жұмысы аяқталды. Мәселен, Амангелді ауылы Дүйсенбин көшесі бойындағы ескі әскери ғимарат орыны, Есір ауылындағы ескі қойма ғимараты тазартылып, 230 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды», – деді ол.



Оның айтуынша, абаттандыру жұмыстары барысында «Демалыс» саябағына субұрқақ орнатылып, волейбол алаңына полиуретанды резеңке жабын төселді. Сондай-ақ, Сұлтан Бейбарыс ескерткішінің аумағы абаттандырылып, тас төсеніштер төселді. Бұған қоса, темір қоршаулар орнатылып, қоқыс жәшіктері мен орындықтар қойылды. Есір ауылының көше бойларына қоршау орнату, Амангелді ауылындағы 3 көше жолына орташа жөндеу жүргізу, тағы 3 көше бойында тротуар төсеу, 4 дана бейнебақылау камераларын орнату, ипподромға жарық шамдар орнату, Қоғалыкөл ауылына да көше жарық шамдарын орнату сынды өзге де жұмыстар қолға алынды.

«Бүгінде бір мезгілде ондаған елді мекенде оң өзгеріс орын алып жатқанын көріп отырмыз. Бұл қадам тек ауылдардағы инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, алтын бесігіміздің мәдени, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда қайта жандануына сенімді серпін береді. Осындай жобалар арқылы ауыл тұрғындары жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады. Біздің басты мақсатымыз – өңірдегі барлық ауылды өркендету», – деді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.


Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар мен бизнес өкілдері ауылдардың дамуына бірлесіп үлес қосуда. Мұндай ынтымақтастық тек экономикалық көрсеткіштерге әсер етіп қоймай, қоғамдағы сенім мен бірлікті нығайтудың жарқын мысалына айналуда. Әр ауылда ісіне адал, туған жерінің гүлденуіне үлес қосқысы келетін азаматтардың қатары көбеюде

«Біздің басты мақсатымыз – адамдардың тұрмысын жақсарту, олардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайту. Біз ауылдық жерлерді өмір сүруге, жұмыс істеуге, отбасын құрып, бала тәрбиелеуге қолайлы мекен етуді көздейміз. Бұл – тұрақты дамудың және қоғам болашағына деген сенімнің негізі. Жасалып жатқан барлық жұмыс әрбір азаматтың мүддесіне бағытталған», – деді Алмат Досмұхамедов.

Жалпы, жоба аясында бүгінде 60 жаңа үй салынып, 47 кіреберіс арка орнатылды, 23 балалар және спорт алаңы ашылды. 16 көшеде жол жабыны жаңартылып, 31 қоршау қойылды, қоғамдық ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.