Русский Сайттың толық нұсқасы

Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыраны» иеленді

«Төрлет, еңбек адамы» республикалық ақындар айтысында қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыраны» иеленді. Еңбек адамын ұлықтауға арналған айтысты «AMANAT» партиясы ұйымдастырды. Жыр додасында жыл көлемінде елімізде өткен республикалық және халықаралық айтыстарда үздік өнер көрсетіп, жүлделі орын еншілеген 14 ақын сынға түсті.

 «Төрлет, еңбек адамы». Аты көп аталмайтын, осыған дейін еңбегі де еленбеген, алайда күнделікті тіршілігіміз осы жандарға тәуелді. Ол – еңбек адамы. Президент қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды еңбек адамын дәріптеуге арнады. Осыған орай, жылды қорытындылаған «Алтын домбыра» осы әділ шешімді қолдауға арналды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ өнеріне, қазақ мәдениетіне ерекше мән беріп, қолдап келе жатқанын. Еңбек деген – мәңгілік тақырып. Сондықтан, қанша жырласақ та, ұтылмаймыз деп ойлаймын. Себебі, адал еңбек, адал табыс, адал адам деген қағидат – ең басты ұстанымымыз, ең басты құндылығымыз. Еңбекті, еңбек істеп жүрген адамдардың ерлігін жеткізіп тұрып жырлайтынына біз сенеміз.

Ғасыр жасаған Қасым ақсақал ақындарға арнау айтып, батасын беріп, дүбірлі доданы ашып берді. Сондай-ақ мектеп жасындағы жас ақындар да ұрпақтар сабақтастығын жалғап, қариямен бірге айтыскерлерге сәттілік тіледі.

НӨСЕР АЙДОСҰЛЫ, ОҚУШЫ:

Менің әкем ақын. Басында соның термесімен бастадым. Одан кейін әкем тағы жазып берген арнаулар бар. Сол екеуін жалғап, бір-біріне қосып, арнау қылып айттым.

Әдетте, айтысқа тек аға буын және одан үлкен қазыналы қарттарымыз ғана қызығып көреді десек. Бұл да ескі стереотип болып бара жатыр. Себебі, ата-әжелердің жанында иық тіресіп, жастар да қол шапалақтап, азулы ақындардың өнеріне тәнті болды.

БЛИЦ-САУЛАНАМА:

- Осындай қазағымыздың төл өнері дами берсін. Өркендей берсін. Соған тілектеспіз.
- Қазіргі кредит мәселесі. Кешегі айтыста тақырып болған ойынқұмарлық. Мұның барлығы қазіргі қоғамдағы ең өткір әлеуметтік мәселелер.
- Күшті сезімдеміз. Мен өзім ес жиғалы айтысқа қызығамын. Келіп көрмесем, ютубтан қарап қызығамын. Негізі келіп көруге тырысамын.
- Өте әдемі мәселелер көтерілді. Өте ұтқыр жауаптар берілді.

Айтыстың екінші күні ең жоғары ұпай жинаған 10 ақын бақ сынады. Ал ақтық сынға төртеуі өтті. Мейірбек Сұлтанхан мен Дидар Қамиевтың айтысы тым ұзаққа созылды. Көрермен қиқуға салып, олардың айтысын жалғаса беруін сұрады. Ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев пен алматылық ару Айым Асылбекқызы да көпшіліктің қошеметіне бөленді. Екі күнге созылған дүлділдер додадасында Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы қызылордалық Мейірбек Сұлтанханды үздік деп таныды.

МЕЙІРБЕК СҰЛТАНХАН, «АЛТЫН ДОМБЫРА» ИЕГЕРІ:

Ең бірінші «Алтын домбыраны» 13 жыл бұрын 6 ақын қатысып, бастаған едік. Сол 13 жылдан кейін, міне, қолыма түсіп тұр екен. Ең бастысы – елдің ықыласы. Айтысқа сағынып келген елдің пейілі деп білемін. Елдің тілегі осы деңгейге жеткізді деп білемін.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, АҚЫН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Осы бүкіл төрт Құбыладан жиналған мықты ақындарымыз шамасы келгенше жақсы айтыс көрсетті. Оның барлығының таразысы халық қой. Халық 2 күн бойы рахаттанып, үлкен ризашылықпен тарасып жатыр. Соның айғағы – қазылар алқасының шешімі де өте әділ болды деп ойлаймын.

Айта кетейік, екі күнге созылған айтыстың қорытындысы бойынша Нұрбол Жауынбаев пен Жансая Мусина «Айтыс ақтаңгері» атағын иеленді. Жылдың қорынтынды сынында бақ сынаған ақындардың барлығы мараптсыз қайтады.