Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда ең үздік волонтерлер марапатталды

Оралда ең үздік волонтерлер марапатталды. Ерікті жастар су тасқыны кезінде қиналған халыққа қол ұшын созса, енді бірі денсаулық сақтау, білім беру саласында жасаған ізгі ісімен көпке үлгі бола білді. Ерлердің ерлікке бергісіз еңбегінің еленгені туралы тілшіміздің материалында.

Көктемгі су тасқынында Жазираның да аулына қауіп төнген. Бірақ батыр қыз әріптестерін жұмылдырып, апат аймағынан эвакуацияланған ауылдастарына көмек көрсетті. Ерлермен иық тіресе бірге жүрген қыздың еңбегі еленіп, бүгін арнайы марапатқа ие болды.

ЖАЗИРА ОТАРҒАЛИЕВА, ВОЛОНТЕР:

Студент кезден бастап осы волонтерлікке жақын болдым. Ерікті болу деген жаныңа жақын дүние ғой. Жұртқа көмектесу - сені сауапқа кенелдіреді. Сол себепті де ол ешқандай қиын емес, ол жай ғана өзіңнің жүрек қалауың болса барлығын жасауға болады.

САБЫРЖАН САҒИДОЛЛА, ВОЛОНТЕР:

Су тасқыны кезінде өзім де студент болдым, өзімнің де сабағым болды. Бірақ та сабақ онлайн форматқа ауысқаннан кейін біздер қалаға төніп тұрған қауіптің маңыздылығын, барлығын түсіндірдік. Қапшық қаптадық, гуманитарлық көмек те үлестірдік және қапшық қаптап жатқан еріктілерге ыстық тамақ жеткізу жұмыстарын жүргіздік. Қол күші жетпей жатқан кездер болды. Бірақ та барынша жан-жақтан қорғап қалуға тырыстық.

Оннан озық шыққан волонтерлер биыл сегіз бағыт бойынша іріктелген. Әрқайсысы да өз саласының үздігі.

ДАРХАН КАДРАЛИЕВ, БҚО ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Су тасқыны уақытында үлкен үлес қосты. Дамба салу мақсатында, жәрдемдесу, одан бөлек жан-жануарларды құтқару бағытындағы арнайы волонтерлік топтар, осы волонтерлердің арқасында үлкен еңбек атқарылды.

Бүгінде өңірде он мыңға тарта волонтер, жүзден астам волонтерлік ұйым бар. Олардың бәрі де өз саласында белсенді еңбек етіп жүр.