Русский Сайттың толық нұсқасы

Астаналықтар "Таза Қазақстан" қойылымын тамашалады

Астаналықтар «Лампа А» инклюзивті балалар көлеңкелі театры ұсынған «Таза Қазақстан» қойылымын тамашалады. Экологиялық спектакль елде өткізіліп жатқан ауқымды акцияға арналған. Қойылымның ерекшелігі, театрландырылған көрініске көрермендер де қатыса алады.

Оқиға қоқысқа толы орманда өрбиді. Ол орыс халқының «Теремок» ертегісінің желісі бойынша қойылған. Шығарма арқылы жас көрермендер мен ата-аналарға табиғатты аялаудың маңыздылығы түсіндіріледі. Сондай-ақ табиғат пен адам арасындағы тығыз байланыс туралы айтылады. Балалар театрының жетекшісі Алуа Барманқұлованың айтуынша, қойылымның тәрбиелік мәні бар.

АЛУА БАРМАНҚҰЛОВА, "LAMPA A" ИНКЛЮЗИВТІ БАЛАЛАР КӨЛЕҢКЕЛІ ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біз балаларға білім көкжиегін, оның маңыздылығын, көрсетуге тырысамыз. Білімге құштарлығын арттырамыз. Ал бұл қойылым біздің табиғатқа деген көзқарасымызды білдіреді. Біз оны жиі ренжітеміз, қоқыс тастаймыз, оған мейірімсіз қараймыз, бұтақтарды сындырамыз. Спектакль барысында жағдайды қалай түзетеміз, кешірім сұрап, табиғатпен қалай достасамыз сол туралы айтамыз. Қойылым барысында балалардың қиялына ерік береміз.

Елордалық театрдың қоржынында бірнеше қойылым бар. Шығармашылық ұжымда барлық бала белсенді. Мәселен, Дания өнер жолын енді ғана бастаса да, біраз тәжірибе жинап үлгерді. Алғашқыда оның талантын анасы байқаған. Бүгінгі қойылымда ол табиғатқа өз кесірін тигізгісі келген, алайда айыбын тез түсінген кейіпкерді сомдайды.

ДАНИЯ НИКИТИНА, БАС КЕЙІПКЕР:

Мен сомдаған кейіпкер ормандағы шыршаны кесіп, үйіне апарғысы келеді. Ол мұны өз қызығушылығы үшін жасайды. Шыршалар олардың бұтақтарының арасында, түбінде түрлі жануарлар мен жәндіктер барын айтып, кеспеуін өтінеді. Шығарма көрермендерге ағашты сындыруға, қоқысты кез келген жерге тастауға болмайды деген ойды жеткізеді.

Балалар театры биыл жазда ғана есігін айқара ашты. Сол кезде де «Таза Қазақстан» спектаклін көрермендерге паш еткен. Режиссердің айтуынша, жаңа жыл мерекесіне орай, сценарий қайта жазылып, ертегіге айналған.

АЛУА БАРМАНҚҰЛОВА, "LAMPA A" ИНКЛЮЗИВТІ БАЛАЛАР КӨЛЕҢКЕЛІ ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 «Таза Қазақстан» қойылымы «Үйшік» ертегісі бойынша қойылғанмен, сценарий қайта жазылған. Яғни, біз тек ертегінің желісін аламыз. Мұндай қойылымды еш жерден көре алмайсыздар. Себебі біз қазақы нақыш қосып, дәстүрлерді де енгіземіз.

Шығарма авторы бұл оқиға арқылы көрерменге табиғатпен тірі тіршілік иесі ретінде араласудың қаншалықты маңызды екенін жеткізе алғанына сенімді. Ол табиғат адамдардың жасаған барлық әрекетіне жауап береді, дейді.