Русский Сайттың толық нұсқасы

"Көшелер жабылады": "Астана" мен "Челси" ойынына байланысты Алматыда көлік қозғалысы шектеледі

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2024
  • 124

Алматыда 12 желтоқсан күні "Астана" мен "Челси" матчының өтуіне байланысты қозғалыс шектеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, көшеде көлік кептелісі болмас үшін 12 желтоқсан күні сағат 18:30-дан 00:00-ге дейін Абай даңғылының Байтұрсынов көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі аралығында көлік қозғалысы шектеледі. Сондай-ақ Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі Сәтбаев көшесі түгелдей жабылады. Жақын маңдағы көшелерде патрульдік полиция бекеттері жұмыс істейді.

Сонымен қатар матчқа байланысты әкімдік 8 тегін автобус бағытын ұйымдастырады. Әр бағытқа 10 автобус жүреді. Жиналатын жерді 2GIS арқылы көруге болады.

Қалқаман шағын ауданы (№7 Қалалық аурухана аялдамасы) — Орталық стадион;

Орбита шағын ауданы (Мұстафин — Торайғыров көшелерінің қиылысы) — Орталық стадион;

Айнабұлақ шағын ауданы (Мақатаев — Павлодар көшелерінің қиылысы) — Орталық стадион;

“Халық Арена" аялдамасы (солтүстік бағыт) — Орталық стадион;

Алматы-1 теміржол вокзалы аялдамасы — Орталық стадион;

Райымбек батыр" метро станциясы — Орталық стадион;

Наурызбай ауданының ХҚКО — Орталық стадион;

Момышұлы — Мөңке би көшелерінің қиылысы аялдамасы — Орталық стадион.

Автобустар сағат 16:00-ден бастап толуына қарай жолға шығады.

Ойынға баруды жоспарлап отырған жанкүйерлерге тағы бірнеше қосымша ақпарат берілді.

“12 желтоқсан күні ауа райы шамамен -11 градус болады деп болжануда. Сондықтан жылы киім кию ұсынылады. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, стадион аумағына термос алып кіруге тыйым салынады. Стадионда ыстық сусындар мен жеңіл тағамдар сатылатын арнайы сауда нүктелері жұмыс істейді. Стадион маңында 60 биодәретхана, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханалар орнатылады”, – деп мәлімдеді әкімдік.

Сондай-ақ олар жанкүйерлерге барлық қажетті жағдай жасалатынын атап өтті.